Жол ережесін бұзу деректері көбейген
Облысымызда жол-көлік оқиғасының саны артып барады. Осы жылдың алғашқы төрт айында жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында түрлі алдын алу шаралары қолға алынғанымен, апаттар санының өсуі тоқтамай отыр. Әсіресе дене жарақатын алғандар мен жол-көлік оқиғаларының тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көбейген. Бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп, алаңдаушылық тудыруда.
Жол апаттарының жиілеуі – полиция қызметкерлерімен қатар, қоғам болып назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе. Облыстық полиция департаментінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Ізбасаровтың айтуынша, өңірімізде жол-көлік оқиғаларына байланысты алаңдатарлық статистика байқалады.
Жол-көлік оқиғаларының көбейіп кетуі тек жолдағы тәртіптің нашарлауынан емес, есеп жүргізу тәртібінің өзгеруінен де болып отыр. Бұрын тек ауыр жарақат немесе ауруханаға түскен жағдайлар ғана тіркелетін болса, қазір кез келген жарақат, яғни жеңіл немесе ауыр жарақат болсын барлығы да ресми есепке алынады. Соның өзінде, апаттардың басты себептері бұрынғыша, жүргізушілердің жылдамдықты асырғаны, қарсы бағытқа шығып кетуі және ескірген, техникалық жағдайы нашар көліктердің салдарынан болып отыр екен. Қазір жолда жүрген көліктердің басым бөлігі 20 жылдан асып кеткен көрінеді.
Полиция мамандары берген деректерге сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері 244 742 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде полицейлер 99 224 хаттама толтырыпты. 371 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарса, ал жылдамдықты асыру бойынша 127 478 факт анықталып, 3 216 автокөлік айып тұрағына қойылған. Скутер мен самокат жүргізушілеріне де тексеріс жүргізіліп, 411 әкімшілік хаттама толтырылып, 256 көлік құралы айып тұрағына апарылған.
«Қауіпсіз жол», «Автобус», «Тасымалдаушы», «Құқықтық тәртіп» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 20 000-нан астам жол қозғалысы ережесі бұзылыпты. Сонымен қатар автожолдарда 1 464 тексеріс жүргізіліп, 11 050 көлік құралы тоқтатылған. Нәтижесінде жолдардың сапасына қатысты жалпы 6 549 ақау анықталған. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолдарда – 674, облыстық деңгейдегі жолдарда – 563, аудандық жолдарда – 981, ал елді мекендер ішіндегі көше-жол желілерінде 4 331 кемшілік тіркелген. Тексеру қорытындысы бойынша жол ұйымдарының жетекшілеріне 1 464 жазбаша өкім беріліп, автожолдарға қатысты кемшіліктер жөнінде 638 ақпарат жергілікті билік органдарына жолданған екен. Оның ішінде 197 ақпарат аудандық билікке, 80-і прокуратураға жіберіліп, 361-і бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне жауапсыздық танытқан 152 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабының 1-бөлігі бойынша - 114 адам, 631-бабының 2-бөлігі бойынша 2 адам және 630-бабының 4-бөлігі бойынша 14 адам жауапқа тартылған. Сонымен қатар жол учаскелерінде көлік пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 22 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал техникалық ақауы бар көліктерді желіге шығарғаны үшін 37 автопарк қызметкері әкімшілік жауапқа тартылған.
Аталған шаралар – жол ережесін сақтау мәдениетін қалыптастыруға, жолдағы қауіп-қатерді төмендетуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін жақсартуға, апаттардың алдын алуға және аймақтағы жалпы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ