Есірткі айналымына тосқауыл күшейді
Қаржы мониторингі агенттігінің таратқан мәліметі бойынша елімізде басты назарда тұрған өзекті мәселелердің бірі – акцизделетін өнімдердің, әсіресе темекі, алкоголь және жанар-жағармайдың заңсыз айналымы. Мұндай құқық бұзушылық түрі еліміздің экономикасына, ұлттық қауіпсіздікке және азаматтардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Өткен мамыр айының өзінде Мемлекеттік кірістер департаменті тақырыптық салықтық тексерулер барысында ел көлемінде алкогольдік өнімдердің заңсыз айналымының 16 фактісін анықтап, заңсыз айналымнан 449 литр алкогольдік өнімдер алынды. Сондай-ақ заңсыз темекі өнімдерін анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп, 4 540 қорап темекі тәркіленген.
Облысымызда да көлеңкелі экономикамен күрес жүйелі жүргізілуде. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Рахметовтің айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2023–2025 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың аясында жүргізіліп жатқан шаралар өз нәтижесін бере бастады. Облыста атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыты – экономикалық қылмыстардың алдын алу, оны дер кезінде анықтап, жолын кесу.
Осы бағытта қолға алынған шаралардың бірі – «Переток» операциясы. Акцияның негізгі мақсаты – жанар-жағармай материалдарының көрші Қырғызстанға заңсыз экспортталуына тосқауыл қою. Арнайы алгоритмнің енгізілуі арқасында бұл бағыттағы заңсыз тасымал көлемі 65 пайызға дейін төмендеген. Нәтижесінде, облыста жанармай тапшылығы орын алмады, диқандар уақытылы егін жинау жұмыстарын толық жүргізе алды.
Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы тек қаржылық шығын әкеліп қана қоймай, тұтынушылардың денсаулығына орасан зор қауіп төндіреді.
Айыппұл салып, заңсыз тауарларды тәркілеп қана нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ең алдымен, халықты ақпараттандыру маңызды. Қазір облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ай сайын «дөңгелек үстел» отырыстарын, Zoom-конференциялар өткізіп отырмыз. Бұл кездесулерге аудандардағы бизнес өкілдері де онлайн түрде қатыса алады.
Сонымен қатар облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мен Шекара қызметі арасында бірлескен іс-қимыл күшейтілген. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде шекара маңындағы контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қою мүмкін болып отыр.
Аймақтағы экономикалық құқық бұзушылықтар туралы азаматтар тікелей хабарлай алатын арналар да бар. «AFM Insider» Telegram-боты мен департаменттің сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Нұрбол Жолдасұлының сөзіне сүйенсек, кез келген азамат өзінің құқықтарын қорғауға, заңсыз әрекеттерге нөлдік төзімділік танытуға міндетті.
Аталған кешенді іс-шаралар өңірімізде көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға, адал кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға өз септігін тигізуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ