Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді,деп хабарлайды arainfo.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы күрделі кезеңде басқарып отырған Элина Валтоненнің қызметіне қолдау білдірді.
Президент қазақ-фин байланыстарының жай-күйіне жоғары баға берді. Финляндияны Астананың Скандинавия аймағындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі деп атап, қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға әзір екенін мәлім етті.
Элина Валтонен ЕҚЫҰ Қазақстанмен және Орталық Азиямен байланысты дамытуға баса мән беретініне тоқталды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Финляндия Президенті Александр Стуббқа сәлем жолдап, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін тығыз ықпалдастыққа дайын екенін растады.