14 қазан күні Астанада ТМД мемлекеттерінің басшылары кездеседі
14 қазан күні Астанада ТМД мемлекеттерінің басшылары кездеседі
Бұл шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ атқару комитетінің төрағасы – ТМД атқарушы хатшысы қатысады деп күтіліп отыр. Саммитте соңғы жылдары ТМД желісі бойынша іс-шараларға қатысуды тоқтатқан Украина өкілі болмайды. Сондай-ақ, Молдова басшысы жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты қатыса алмайды. «Іс-шара барысында достастық алаңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қарау және қабылдау жоспарлануда. Атап айтқанда, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың кезекті бағдарламасын бекітеді», - деді А. Смадияров. Интеграциялық өзара іс-қимылдағы мәдени құрамдас бөліктің ерекше рөлі тұрғысынан мемлекет басшылары Қазақстан бастамасы бойынша мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, сайлау органдарының желісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қойылады. «Сонымен қатар, саммитте 2023 жылы ТМД-ға төрағалық етуді Қырғыз Республикасына тапсыру және Бішкек қаласында мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы шешім қабылдау жоспарлануда. Мемлекет басшысы еліміздің ТМД-ға төрағалығын қорытындылайды деп күтілуде», - деді ресми өкіл.