Жаңалықтар

Құрбан айттың бірінші күні 35 мыңға жуық отбасыға ет таратылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен биыл Құрбан айт мерекесінде қайырымдылық шарасы кең ауқымда ұйымдастырылды,деп хабарлайды arainfo.kz

ҚМДБ мәліметінше, 6 маусым – Құрбан айттың алғашқы күні республика бойынша барлығы 20 797 мал құрбандыққа шалынған. Оның ішінде:

  • Қой – 18 876 бас
  • Ешкі – 970 бас
  • Ірі қара мал – 944 бас
  • Түйе – 16 бас

Мұнымен қоса, азаматтардың өтінішін жеңілдету мақсатында іске қосылған Qurban.muftyat.kz платформасы арқылы 997 онлайн өтініш қабылданып, құрбандықтар шалынды.

Құрбандыққа шалынған малдың еті ел аумағындағы 34 771 мұқтаж отбасы мен 210 әлеуметтік мекемегеүлестірілді. Бұл – ҚМДБ ұстанып отырған қайырымдылық бағытының жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.

Онлайн тапсырыс беру мүмкіндігі 8 маусым күні сағат 12:00-ге дейін жалғасады.

Құрбан айт – тек діни рәсім ғана емес, ізгілік пен жақсылыққа үндейтін мереке. Қазақстандықтар бұл күні сауапты амалдарға белсенді қатысып, мұқтаждарға көмек көрсетуді дәстүрге айналдырып келеді.