Нұрғанаттың арманы – дипломат атану
Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық, республикалық білім-ғылым бәсекелерінде топ жарған 132 дарынды оқушымен кездескен болатын. Сол жиында назарымыз жүзден астам озат өреннің арасынан суырылып шығып, аймақ басшысының алдында сөз алған жас тарихшы Нұрқанат Қанат есімді жігітке ауды. Көп ұзамай-ақ білімпаз жаспен жүздесіп, тарих ғылымына деген қызығушылығы қалай оянғаны, жетістіктері туралы аз-кем тілдескен едік.
Нұрғанат Бақытжанұлы Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатында білім алады. Биыл оныншы сыныпты артқа тастап, бітіруші түлек атануға дайындалып жүр. Он алты жастағы тарихшы жігіттің осы пәнге деген қызығушылығы өзі туып-өскен Меркі ауданы, Аспара ауылындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте оқып жүргенде басталған. Өзінің айтуынша, бесінші сыныпта оқыту бағдарламасына тарих пәні қосылған күннен бастап сабақтарға ерекше ықыласпен, асыға күтіп қатысатын болған.
Алтыншыға көшкен жылы Тараз қаласында орналасқан «Білім-инновация» лицей-интернатына екі кезеңдік іріктеуден өтіп, оқуға қабылданады. Аталмыш білім ордасында білім мен бәсеке қатар жүретіні, шәкірттердің олимпиадалық көрсеткіштері жоғары болуына айрықша мән беретіні белгілі. Нұрғанаттың мектептің білім бәйгесіне қосыла кетуі оңай болмаған екен. Ол бір жыл бейімделуден өтіп, 8-сыныптан бастап өзінің осал оқушы еместігін дәлелдей бастайды.
Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы – екі түрлі пән, екі түрлі ауқым. Сондықтан әрқайсысына жеке бағытпен, өзінше әдіспен дайындалу қажет болды. Әсіресе дүниежүзі тарихы бойынша машықтану кезінде едәуір қиындықтар кездескен. Бұл пәннің күрделілігі – оқиғалардың көптігінде ғана емес, олардың өзара байланысы мен тарихи процестердің сан қырлылығында. Бірақ дәл осы қиындық Нұрқанатты қамшылап, алға жетелеген. Дүниежүзі тарихы бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін ол ағылшын тілін меңгеруге ден қойыпты. Себебі еліміздің атынан шетелде өнер көрсету үшін әлемдік деңгейде мойындалған тілде еркін сөйлеу – бүгінгі заманның талабы ғана емес, білім бәсекесінде жасындай жарқырайтын өнерлі өрендеріміз аз емес екенінің көрінісі.
Нұрқанат қолы қалт етсе көпестер қаласы атанған Тараздың ортағасырлық тарихи кешендері мен Қазақстан тарихының тағылымды оқиғаларымен танысқанды жөн көреді. Сол секілді Василий Радлов, Михаил Массон сынды ірі ғалымдардың еңбектерін оқып, білімін кеңейтуде. Жас зерттеуші ретінде ол өңір тарихының нақты нысандарына – Тектұрмас, Айша бибі, Қарахан баба сынды археологиялық-ғылыми кешендерге барып, тарихи орындарды өз көзімен көріп, жеке тұжырымдарын қалыптастырып жүр. Оның пікірінше, көзбен көріп, сол жерде сезіну – тарихты жан-тәніңмен түсінудің ең тиімді жолы.
Қазіргі таңда ол Қазақстан тарихына байланысты теориялық білімін тереңдетіп келеді. Әзірге ғылыми жоба дайындап көрмегенімен, алдағы оқу жылында пәнаралық және республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысу жоспары бар. Ол үшін тыңғылықты дайындық пен жетекшімен тығыз байланыс қажет екенін жақсы түсінеді.
Кейіпкеріміз лицей оқушысы болғандықтан және тарих пәнінен олимпиадашы ретінде үнемі түрлі байқауларға қатысып, республикалық, облыстық және пәнаралық олимпиадалардан үш мәрте алтын медаль иеленген. Сонымен қатар Қазақстан білім олимпиадасында үш жыл қатарынан лицейдің намысын қорғап, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Ерекше атап өтер жетістігі – 2023 жылдың маусым айында Әзербайжанның Баку қаласында өткен Түркі халықтарына ортақ халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғап, қола жүлде иеленуі. Бұл – Нұрқанаттың халықаралық деңгейдегі алғашқы үлкен табысы. Ол жаңа орта, жаңа мәдениет пен жаңа адамдармен танысу арқылы тек кәсіби емес, тұлғалық жағынан да дами түсті.
Тағы бір маңызды жеңісі – 2024 жылғы 14 қазанда Астана қаласында өткен дүниежүзі тарихы пәнінен «International Historical Olympiad 2025» іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, алты оқушыдан тұратын Қазақстан құрамасының қатарына қосылуы. Осы жылдың шілде айында Францияның астанасы – Парижде өтетін Дүниежүзілік тарихшылар олимпиадасына қатыспақ.
Нұрқанат – тарихшы ғана емес, сонымен қатар жас ақын. Ол облыстық Мәшһүр Жүсіп, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Мұқағали оқуларынан, «Ақберен» байқауынан бас жүлде иеленіп, республикалық кезеңдерде облыс намысын қорғап жүр. Оның айтуынша, әрбір олимпиада – диплом немесе медаль үшін ғана қажет емес. Сайыстар – ең алдымен адамның арманына апарар жолдағы маңызды баспалдақ. Олимпиада арқылы жаңа адамдармен танысу, өзге ел мен жер көру, пікір алмасу тұлғалық дамуға орасан зор ықпал етеді. Әр жарыс өзінше ерекше, себебі бірі – ойыңды қорғауды, бірі – тарихи эссе жазуды, енді бірі – терең теориялық білім көрсетуді талап етеді. Нұрқанаттың бүгінгі биігі – осы дағдылардың бойында үйлесім табуымен байланысты.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков зейінді оқушының өңір мақтанышы екенін айтып, жетістіктерімен аймақтың білім саласына айрықша үлес қосып жүргенін жеткізді.
Нұрғанат әңгіме соңына қарай әлеуметтік желілерде белең алып жатқан жасанды интеллект көмегімен тарихты түсіндіру үрдісіне де өз көзқарасын білдіргенді жөн көрді. Оның пікірінше, бүгінгі цифрландыру заманында тарихты жас ұрпаққа тек соғыстар мен жылдар, есімдер тізбегі ретінде емес, маңызды дереккөз әрі таным құралы ретінде ұсына білу қажет. Ол үшін түрлі инновациялық тәсілдерді, заманауи жобаларды қолдана отырып, тарихты қызықты әрі шынайы форматта жеткізу – уақыт талабы.
Мәселен, жасанды интеллект арқылы ірі тарихи тұлғалар «тіріліп», өз өмірбаянын өзі баяндап, бір-бірімен сұхбат құратын подкастар мен бейнежобалар жасалуда. Нұрқанат мұндай бастамаларға оң көзқараста. Білімді өреннің сөзінше, егер тарих әділ әрі шынайы ұсынылса, ал анимациялық элементтер оны тартымды ете түссе – бұл үлкен мүмкіндік. Себебі қазіргі өскелең ұрпақ дәл осындай тәсілдерге қызығушылық танытады. Ең бастысы, мұндай жобаларды тарихты терең білетін, кәсіби мамандар жүргізсе, нәтижесі де сапалы болмақ.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ