Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейе береді
Шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударылғанының арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау түрлері көбейген сайын кәсіпкерлік субъектілердің де саны жылдан-жылға арта түсуде. Шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына өндірістік инфрақұрылымды дамыту мен инвесторларды тарту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар да қомақты үлес қосып отырғанын айта кетуіміз керек.
ҚАРЖЫЛАЙ ЕМЕС ҚОЛДАУ ТҮРІ КӨП
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, бүгінде облыста барлығы 117 758 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Тіркелген шағын және орта бизнестің ең көбі Тараз қаласында орналасқан, яғни – 48 042 нысан. Ал ең азы Мойынқұм ауданында. Онда 2 521 кәсіпкерлік субъектісі бар. Тіркелген осы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде 106 426-сы нақты жұмыс істеп тұрған көрінеді. Атап айтқанда, белсенді субъектілердің ішінде 68 255-і – жеке кәсіпкер, 28 677-сі – шаруа қожалық. Ал шағын кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар саны 9 428 болса, орта кәсіпкерлік субъектілері 66-ны құрайды. Сала бойынша тарқата айтқанда, көтерме және бөлшек сауда, автокөлік пен мотоцикл жөндеу ісінде 40 193 кәсіпкерлік нысаны тіркеліпті. Бұл бағытта бүгінде 36 352 бизнес субъектісі белсенді жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Ауылшаруашылық саласы аймақ экономикасының күретамыры екені белгілі. Бұл салада 35 402 нысан тіркелген болса, олардың 30 215-і шаруа қожалық. Қазіргі уақытта нақты 32 181 ауылшаруашылық субъектісі өз ісін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ құрылыс саласында – 4 786, көлік және қоймалау бағытында – 5 121, түрлі қызмет көрсету салаларында 12 336 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. Бұл салаларда тиісінше 4 159, 4 850 және 10 755 нысан белсенді жұмыс істеуде. Ал білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, өнер, қаржы және жылжымайтын мүлік сияқты салаларда да кәсіпкерлік субъектілері бар болса да олардың үлесі әзірге айтарлықтай көп емес екен.
Кәсіпкерлік саласы өңір экономикасын алға сүйрейтін қозғаушы күш болғандықтан бұл бағытта оларға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетумен айналысады. Аталған ұйым 2015 жылдан бастап бизнесті қаржылай емес қолдау шараларының операторы ретінде бекітілген. Содан бері өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде палатаның басты мақсаты – жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тынысын кеңейту, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал ету және қолданыстағы жұмыс орындарын сақтап қалу. Әсіресе ауылдық елді мекендерде, шағын қалалар мен моноқалаларда кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, қаржылай емес қолдаудың негізгі бағыттарына тоқталар болсақ, кәсіпкерлерге ақпараттық-сараптамалық қолдау көрсету, бизнес өкілдерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту шараларын ұйымдастыру, іскерлік байланысты кеңейту, кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету секілді қызметтер жүзеге асырылады екен. Бұл жұмыстар бүгінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жүйелі түрде іске асып жатса керек.
Аталған ұлттық жоба шеңберінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірқатар құралдар бойынша үйлестіруші рөл атқаратыны белгілі. Мысалы, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау ұсыну, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсету, іскерлік байланысты кеңейту, «Мен – кәсіпкер» бағыты бойынша кәсіпкерлік әлеуетті дамыту ісімен жүйелі түрде осы құрылым айналысады. Осындай кешенді қолдаулардың арқасында өңірдегі іскер ортаға тың серпін беріліп, жергілікті экономиканың өркендеуіне жол ашылып жатқанын айта кетуіміз керек.
Кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсетудің де тигізер пайдасы мол. Бұл құрал кәсіпорынды басқару жүйесін жетілдіру және бизнес-процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Қолдау шеңберінде төрт мамандандырылған қызмет түрі ұсынылады екен. Сервистік қолдау облыс орталықтары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы жүзеге асырылады. Ал жергілікті жерлерде офлайн режимде кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 19 орталықта қаржылық емес қолдау операторының «G4B.kz» веб-порталы арқылы үздіксіз және тегін онлайн режимде жүргізіледі. Экономиканың барлық секторында әрекет ететін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне сервистік қолдау көрсету шеңберінде мамандандырылған қызметтердің бірқатар түрі ұсынылады екен.
ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ АЛҒА ЖЫЛЖУДА
Айта кету керек, «Іскерлік байланыс» құралы негізінен экономиканың басым секторларында қызмет ететін, орташа жылдық айналымы кемінде 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жоғары буын басшыларына арналған көмек түрі екен. Жалпы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған әрбір құрал бүгінде нақты мақсатқа бағытталып, кәсіпкерлікті өркендетудің тетігіне айналған. Қазіргі таңда табысты кәсіп иесі атану үшін, ең әуелі, ниет пен батылдық қажет. Қалған міндеттерді шешуге жүйеленген мемлекеттік қолдау мен кәсіби кеңесшілер бар. Тағы бір айта кетер жайт, аталған құрылым тарапынан жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты да тың жобалар жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты шараның бірі – кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуге арналған «Мен – кәсіпкер» жобасы. Бұл бастама кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке ниетті азаматтарға қаржылай емес негізде кең көлемді қолдау көрсетуді көздейді. Аталған құралды жүзеге асыру міндеті еліміздің облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада, сондай-ақ аудан орталықтарына барып қызмет көрсететін қаржылай емес қолдау операторына жүктеліпті.
Жыл басынан бері кәсіпкерлерге заңдық, қаржылық, техникалық бағыттарда көптеген консультация беріліп, құжаттарды рәсімдеу, рұқсат алу, мемлекеттік сатып алуға қатысу, бизнес-жоспар әзірлеу секілді мәселелер бойынша іс жүзінде тиісті көмек көрсетіліпті. Кәсіпкерлердің банк алдындағы құжаттарының дайындалуы, субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу үдерісінде де палата тарапынан нақты қолдау болған. Әсіресе ауылдық жерлерде грант пен микрокредитке өтінім беру кезінде туындайтын техникалық және құжаттық кедергілер шешімін тауып келеді екен. Дегенмен кейбір аудандағы кәсіпкерлер әлі де болса мемлекеттік сатып алуға қатысу механизмдеріне толыққанды қол жеткізе алмай отырса керек. Электрондық порталдардың күрделілігі, интернет сапасының нашарлығы және құқықтық сауаттылықтың төмендігі олардың жұмысын жандандыруына қолбайлау болып, шешімін таппаған негізгі түйткілдер қатарында қалып қояды екен. Осы мәселелерді түбегейлі шешу үшін облыстық палата алдағы уақытта оқыту курстарын көбейту, құқықтық сүйемелдеу қызметтерін күшейту және шалғай ауылдарға мобильді сервистік қолдау көрсету тетіктерін енгізуді көздепті.
Осы жылдың бірінші тоқсанында облыстық кәсіпкерлер палатасына 60 өтініш түсіпті. Кәсіпкердің құқығын қорғау бағыты бойынша 38 өтінімнің 8-і оң шешімін тауып, жалпы өтініштердің 21 пайызын құраған екен. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 876 568 969 теңгеге тең болған. Көбіне көтерілген мәселелердің қатарында жер мәселелері, мемлекеттік сатып алулар және ауылшаруашылық саласындағы сұрақтар көш бастап тұрса керек.
МОЙЫНҚҰМДА МҮМКІНДІК КӨП
Біз әу баста сөз еткеніміздей, Мойынқұм ауданында кәсіпкерлік нысандар өзге ауданға қарағанда аз болғанымен, мұнда шағын және орта бизнесті дамытуда айтарлықтай шаруалар іске асырылуда. Мәселен, жалпы ауданда 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіпті. Аталған инвестициялық жоба құны 36,69 миллиард теңгені құраған. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Дакман осы инвестициялық жобалар іске асқан жағдайда 694 жұмыс орны құрылатынын айтады.
Аталған жобалар 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, олар «Максутова», «Magnit» жеке кәсіпкерліктері мен «Shagala Mining», «Аметист-2012 БР», «Moіnkum Sut», «КSV-SERVIS», «Total Energies» («Актас Энерджи») жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «YDA INSAAN SANAYI VE TICARE ANONIM SIRKETI» акционерлік қоғамы филиалының жобалары.
Мойынқұм ауданына кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант берілуде. Соңымен қатар аудан халқының тұрмыстық табысын көтеру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Аталған бағдарламаның бесінші бағыты және төртінші бағытының ішінде түйешаруашылығын дамытуға женілдетілген 2,5 пайыздық несие берілуде. Жобаға кез келген Мойынқұм ауданының 21 жастан бастап зейнет жасына толмаған азаматы қатысып, 9,8 миллион теңгеге несие рәсімдей алады.
Сонымен қатар «Zhambyl Business» бағдарламасы аясында 200 миллион теңгеге дейін балықшаруашылығы және бір жобада балық өсіру мен спорт, демалыс пен ойын-сауық ұйымдастыру саласындағы қызметті біріктіретін жобаларға, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлерлікті дамытуға 7 пайыздық мөлшерлемеде несие берілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жыл басынан бүгінгі күнге дейін аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі тарапынан «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 20 құжат өткізіліп, 1 азаматша қаржылай қолдау тауып, сән салонын ашып, өз жұмысын жүргізуде.
Қазіргі таңда аудан бойынша 2 249 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Бизнеске бет бұрғандарға мемлекеттік бағдарламалар аясында тиісті қолдау көрсетіліп, өз ісін бастағысы келетін ауыл-аймақтағы азаматтар кәсіпкерлік негізде оқыту курстарынан да өткізілуде, – дейді Айдос Жанкелдіұлы.
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралар аудандардағы шағын және орта бизнес саласына серпін беріп отыр десек жарасады. Оған облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданындағы елді мекендерде де жаңа кәсіп көздері ашылып, жұмыс орындары көбейе түскені дәлел бола алады. Соның арқасында бүгінде ауылдық жердегі қолынан іс келетін азаматтар берілген мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ