Жұмыссыздықтың бір ұшы – енжарлықта
«....Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», – деген екен ұлы ойшыл Абай Құнанбаев. Одан қалса, қазақ «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деп те артына өнегелі сөз қалдырған. Нысанаға дәл тиген оқтай тура айтылған сөздің астарына үңілсек, онда тиген жерін қарып түсірер ащы шындықтың жатқаны рас.
Тағы да Абай атамыз айтпақшы, «есектің артын жуып мал тауып» еңбектенген адамға, «жұмыртқадан жүн қырқып жүріп» нәпақасын айырып жүрген пысықайларға қарап, барлығы әркімнің өзіне байланысты екеніне көзің жетеді. Одан бөлек осы ұғымға кереғар өмір сүріп жүрген жатыпішер, енжарларға қарап, өз өмірін қиындату да әр адамның өзіне байланысты екенін ұғынасың. Оның үстіне «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз бар қазақта. Бұл сөзді тәпсірлесек, оның мағынасы «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмай, адамның еңбектенуін, ізденуін білдіреді.
Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан халықты жұмыспен қамтудың түрлі жолдары ұсынылуда. Былтырғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста еңбекке қабілетті адам саны 572 134 азаматты құраса, жұмыссыз болып 22 482 азамат тіркелген екен. Олардың ішінде 4 392 адам тұрақты жұмысын жоғалтуына байланысты көмек алып отырса, уақытша жұмыс орындарымен 12 303 тұрғын қамтылған.
Жұмыссыздықты азайту, яғни масылдықты жою мақсатында биыл қала және аудандарда барлығы 34 жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 544 жұмыс беруші мекеме қатысып, 2 741 бос жұмыс орны ұсынылыпты.
Биыл 1 315 адамды кәсіптік оқумен қамту жоспарлануда. Оның ішінде тігінші, есепші, есепші кассир, жиһаздарды құрастырушы, аспаз, шаштараз, электр-газбен дәнекерлеуші, кондитер, бет әрлеуші, тырнақ әрлеуші, кран машинисі, компьютер операторы, кескіш кестеші, автокөлік жөндеу слесарі, тәрбиеші көмекшісі, құс өсіруші, тракторшы, мал дәрігері, косметолог, наубайшы, автослесарь, техникалық бағдарламашы, графикалық дизайнер, массажист, электромонтер, химиялық талдау зертханашысы, бұрғылау қондырғысының машинисі, экскаватор машинисі қамтылған. Одан бөлек халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, яғни 1 636 адамға 2,6 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру көзделген.
Осынша табыс көзі ұсыныла тұрып, ел ішінде «жұмысым жоқ, күн көре алмай отырмын» дейтін азаматтар табылады. Ең өкініштісі, ақшаға мұқтажбын дейтіндердің басым бөлігі – аяқ-қолы бүтін, дені сау азаматтар. Ал кейбір тұрғындардың сылтауы – «тегін жұмысқа орналасу қиын, қайда барсаң да қомақты қаржы ұсыну керек» деген пікір. Тағы бірі айлықтың аздығын сылтауратып, орнынан қозғалғысы келмейді.
Көбіне енжарлық пен керітартпалық адамды алға жылжуға кедергі жасап, керісінше, кері итермелейді. Ал шын табыс тапқысы келген адам қандай жағдай болса да «қайтсем табыс көзін табамын» деп тырмысады. Сондай еңбекқор адамдардың қатарында тіпті мүгедектігі бар бола тұра жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген жандар бар.
Есіктің алдындағы темір дүңгіршекте отыратын елуді еңсерген Азамат есімді аға біз ес білгелі аяқкиім тігеді. Оның дүңгіршегінің есігі жабық тұрған күні жоқ. Оған себеп – қол қусырып отыра алмайтындығы. Тынбай тіршілік істеп, етік тігіп жүріп ұл-қызын аяқтандырды. Балаларын ешкімнен кем қылмай оқытты. Бәрі жоғары білімді.
16 жастағы кенже ұлының сабақтан тыс уақытта достарымен тілдесуге де уақыты жоқ. Себебі ол әкесіне көмектесу үшін үйіне асығады.
Бұл отбасының отанасымен де жолығып, тілдесудің сәті түсті. Алдымыздан шығып, қонақжайлығымен қарсы алған ажарлы әйел әңгімені әріден бастады.
Қолына біз ұстап, етік жамап отырған Азамат ағаның бітім-болмысы бөлек екені анық. Құдай ол кісіні екі аяғынан айырғанымен, еңбекке деген құлшынысынан айырмаған. Керісінше, еңбегінің арқасында маңайына бейнеткештігімен танымал азаматқа айналып отыр.
Жалпы масылдық деген қоғам індеті тұтас ұлтты деградацияға ұшырауға апаратын бірден-бір фактор. Негізі біреуді «балық же» деп шақырғаннан гөрі, қолына қармақ беріп, сол балықты өзіне аулату қажет» деген рас ұғым. Сонда ғана адам еңбектің нанының тәтті екенін сезінеді. Ал жатыпішер, ерке, шолжаң, дайын асқа тік қасық болып өскендерден қандай еңбекқор азамат шықсын?!
Осы орайда жұмыссыз жүрген жандармен тілдесіп, оның жұмыссыз жүруінің себебін білуге тырысқан едік. 35 жасар Асылбектің жұмыссыз жүргеніне биыл 7 жыл болыпты. Ол бұрын үй салып, пәтер жөндеп, кірпіш қалап нәпақа тапқан. Пандемия басталған тұстан бері тапсырыс азайып, тіпті бірнеше ай бойы қол қусырып отырып қалыпты.
Бүгінде анасының зейнетақысы мен әйелінің тынымсыз тіршілігі күн көруіне сеп болып тұр. Зайыбы Мәншүк бірде түрлі дәм пісіріп, дүкенге өткізсе, енді бірде тойхана жағалап, ыдыс-аяқ жуып, жалданып, үй-үйде өткізілетін жиын-той, құдалықтың дастарқанын дайындайды. Негізі ақысын төлесе, кез келген жұмыстан бас тартпайды.
Ал Асылбек өзінің жұмыссыз жүргенін білімге құштарлығы жоқ болғандығынан көреді.
Дәл солай жұмыссыз жүргеніне 10 жылдан асқан Марат Мырзалиевті әңгімеге тартқан едік. Ол анасының қазасынан кейін өз-өзіне келе алмағанын алға тартты.
Психолог Майра Айдарқызының пайымынша, «масыл адам» деп практикалық психологияда біреудің есебінен өмір сүретін және солай өмір сүргенді жақсы көретіндерді айтуға болады.
Тағы бір жаман қасиет – адамның енжарлығы. Қандай іс бастаса да кежегесі кейін тартып немесе қолға алынатын істің алға жылжып кетуіне сенбей тұрады. Оның үстіне сол істі жүргізуге өзі әрекет еткісі келмейді. Ең сорақысы, ерінеді, жалқаулығы басым. Мұндай қасиет баланың еркінен тыс айтқанын істеген ата-аналардың салдарынан туындайды. Оған Марат Мырзалиевтің айтқан әңгімесі дәлел болып тұрғандай.
Бір жылдары мен де жұмыссыздардың қатарында едім. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика факультетін бітіргенмін. Алайда «мен журналист бола алмаймын» деген сенімсіз ой дипломмен жұмыс іздеуге мұрша бермеді. Бірде кафеде ыдыс жусам, енді бірде балмұздақ сатып нәпақа тауып жүргенмін. Расымен де мен қалай жұмысқа тұрдым?
Бірде Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясына жол түсті. Күлімдеп қарсы алған директор-бас редактор Эльмира Мырза-Ғали «Көне шаһарға «Жігіттер» квартеті келіп, ән кешін өткізгелі жатыр. Әнін барша қазақ сүйіп тыңдап жүрген танымал топтан сұхбат алып келсең, жұмысқа алар едім» деп қалды. Әншілерден сұхбат алудың амалын таппасам, жұмысқа тұра алмайтынымды да мықтап ескертті.
Жұмыстың қадірі артып тұрған тұста қапияда қапы қалмайын деген ниетпен тәуекел етіп, «Жігіттер» тобының концерті өтетін қоңыр кешке асқан толқыныспен аттандым. Алайда квартеттің төбесі көрінгенде сұхбаттың ауылы алыс екенін ұқтым. Бірақ қалайда жұмысқа тұрудың амалын ойластыра бастадым.
Билетсіз барған маған есіктің аузында, табалдырықтан сығалап тұруға ғана мүмкіндік бар еді. Көз ұшында тұрған топ мүшелерімен тілдесудің амалын іздеп әуреге түстім. Сәлден соң қолыма ақ қағаз бен қалам алып, хат жазуға кірісе кеттім.
Ойдым-ойдым ой айтып, сөз маржанын моншақтап теруге тырыстым. Үшбу хатты әрлеп, әлемдегі ең асыл, ең ыстық сөздермен көркемдей түстім. Бойымдағы бар қуатымды сарқып, қаламымның ұшына құйып, қиялыма қанат бітірдім. Иә, сол үшбу хат өзге де толлассыз жауған сәлемдемелермен бірге хат тасушының қолында менің жанымның бір бөлшегіндей сахна төріне қарай алыстап бара жатты.
«Жігіттер» квартетінің әншісі әр хаттың сөз төркініне тоқталып, шешіле, көсіле жауап беруге уақыт тапшы екенін ескертті. Әр бума қағазды алақанына алғанымен, оқымай, қайта жауып тастай берді. Кенет әлдебір хат қолына тигенде топ мүшесі, әнші Бағлан Абдраимов орнынан ұшып тұрып:
Газеттің келесі санына «Жігіттер» квартетінің бір беттік сұхбаты жарқырап шықты. Мен солай «Jambyl-Taraz» газетіне тілші болып жұмысқа тұрған едім.
Дейтұрғанмен өмірде дәл осылай әркімнің жолы бола бермесі анық. Алайда «Жүргенге жөргем ілінеді» демекші, қазіргі заманда екі қолға бір күрек таба алмаудың артында үлкен мәселе жатқан сыңайлы. Ол мәселемен күресу үшін оның себеп-салдарын дөп басып тану керек. Ал оның себеп-салдарының бір ұшы енжарлықта жатқаны анық. Олай болса, еңбек етуге қамданып, қарекет еткен әр адам жұмыссыз қалмайды. Ең бастысы, ұмтылыс керек екенін ұмытпайық.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ