Айт намазы таңғы сағат 6:00-де оқылады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Құрбан айт – құтты мереке» тақырыбында брифинг өтті. Басқосуға облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Асқар Сатылғанов пен Тараз қалалық орталық мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев қатысып, қасиетті мерекенің мәні мен мазмұны жайлы кеңінен айтып берді.
Баспасөз мәслихатында Құрбан айттың мұсылман қауымы үшін маңыздылығы, оның рухани, тәрбиелік және әлеуметтік мәні жан-жақты қамтылды. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жұртшылыққа арнаған айт мерекесіне байланысты үндеуі таныстырылды.
Биыл құрбан шалу рәсімі дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Яғни арнайы белгіленген қасапханаларда және мешіттердің бақылауымен жүзеге асады. Тараз қаласы бойынша 1 қасапхана мен бірнеше кәсіби қасапшы белгіленіп отыр. Сонымен қатар заман талабына сай құрбан шалуға арналған qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн түрде тапсырыс беруге де мүмкіндік бар.
Шалынған құрбандық еттері алдын ала тіркелген әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіріледі. Бұл игі іске мешіт жанынан құрылған еріктілер тобы тартылып, мұқтаж жандарға құрбан еті дер кезінде жеткізіледі. Осылайша Құрбан айт тек қана діни рәсім емес, қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналып отыр.
Имамдардың айтуынша, Құрбан айт – тек құрбан шалу ғана емес, бүкіл мұсылман баласын рухани кемелденуге, имандылыққа, бауырмалдыққа бастайтын мереке. Бұл күндері ата-анаға құрмет көрсету, туыстармен қауышу, балаларды қуанту – үлкен сауап. Мұндай ізгі амалдар жас ұрпақтың бойында мейірім мен адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, алдағы Құрбан айт мерекесіне байланысты маңызды ақпараттармен танысты.
Айжан ӨЗБЕКОВА