Білгім келген бір сұрақ?

Жат ағым жастарға несімен қауіпті?

Жастар – асқақ арман иесі. Жас буын мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Сонымен қатар түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын жастарды қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та қателеспейміз. Осы ретте жастардың рухани санасын оятуда діннің алатын орны ерекше.

Адамның діни сауаттылығы артса, қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелденеді. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, көп нәрсе білімсіздіктен туады.

Жаһандану дәуірінде түрлі рухани қауіп-қатердің бар екендігі жасырын емес. Сондықтан жастарды жат діни ағымның зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу, жастардың патриотизм сезімін арттыру – бүгінгі күннің ең маңызды міндетінің бірі.

Адасушылыққа алып келетін жағдайлардың бірі – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкініштісі, тыйым салынған уағыздар, экстремистік сипаттағы топтардың таспалары желілерде желдей есіп жүр. Соны көрген жас буын діни білімнің аздығынан дұрыс сүзгіден өткізе алмай, арты адасуға әкеліп соғуда.

Тағы бір себебі болса, ол – тәрбиенің нашарлығы мен баланың ата-ана қарауынсыз қалуы. Мейірімге, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкінішке соқтырып жатады. Көпшілігі күнкөрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста жүргендіктен баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болады. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала есейгенде дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын көшедегі жат ағым өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.

Жастардың жат ағымға ілесуіне әсер етуші факторлардың тағы бірі – санасы қалыптаспаған жастардың тез күйзеліске ұшырауы. Қамшының сабындай қысқа өмірде жақсыны да, жаманды да қатар көресің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп, ашуланасың, енді бірде ашуландырасың. Десек те адам басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, материалдық көмек іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелері ет жақын бауыры көрсетпеген жылулықпен баурап, бауырмалдық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап шетелде діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Дегенмен «суды бұлақтың басынан ішейік», «шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық» дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған, діни сауаты аз жастар заңсыз орындарда, тіл курстарында сабақ беретін беймәлім мамандардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп, өз уағыздарымен ылаң салып жүргендері де баршылық.

Қазіргі таңда елімізде халықтың, әсіресе жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттырудың маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмір тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейін арттырып, ұлттық мұраны, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға үйрету – бүгінгі қоғамның басты міндеті.

Тоты ЕСҚҰЛОВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының
Қордай ауданы бойынша арнайы бөлімінің басшысы