Жамбылдық өрендер қашанда белсенді
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ал олардың білім алып, еңбекке араласуы – ел дамуының өзегі. Осы бағытта Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы 2025 жылдың алғашқы 4 айында ауқымды жұмыстар жүргізіп, жас буынмен жүйелі байланыс орнатқан.
Орталықтың 39 қызметкері – жастармен тығыз жұмыс істеп жүрген білікті мамандар. Олардың қатарында директор, орынбасар, бөлім басшылары, заңгер, теолог, психолог және 18 ауылдық округке бөлінген жастар ісі жөніндегі маман бар.
Жамбыл аудандық жастар орталығының директоры Жандар Тоқсабаның айтуынша, 4 айда 481 жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Олардың 174-і тұрақты жұмысқа орналастырылса, 175-і қоғамдық жұмыстарға бағытталған. Сонымен қатар 48 түлек «Жастар практикасы» арқылы алғашқы еңбек жолын бастаса, 16 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 4 өрен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы еңбекке тартылыпты. 5 жас жұмыс орнында оқыту жобасына қатысып, ал 35-і электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға тіркелген. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 24 азамат «Бастау бизнес» жобасына қатысып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алыпты.
NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін жастармен де жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басында тіркелген 470 жастың қатары көктемге қарай 62,9 пайызға дейін азайған. Бұл – нақты атқарылған жұмыстардың, ақпараттық кездесулер мен мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру шараларының нәтижесі. Әр округте қоғамдық қабылдаулар, кеңес беру алаңдары, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылған.
Расында да Жамбыл ауданында жастарды қолдауға бағытталған бастамалар көп екен. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында «АуылBAY» жобасы қолға алынған. Осы орайда кәсіпкер атанған 5 жаспен сұхбат жүргізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланып, 20 мыңнан астам қаралым жинапты.
Жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында ашылған «Жас шебер» атты үйірме де көптің көңілінен шығуда. Түрлі химиялық қоспалар арқылы сан алуан бұйымдар жасайтын үйірме жастарға қолөнердің қыр-сырын үйретуде.
Жамбыл ауданының жастары кәсіпкерлік саласына да бейім. Мысалы, Әйгерім Танысбаева өз үйінде отырып-ақ тігіншілікпен айналысып, табысқа кенеліп отыр. Қаршадай қыз қайтарымсыз грантқа да ие болған. Ол грант қаражатын тиімді пайдаланып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Бұл оның кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдарына мүмкіндік туғызғаны сөзсіз. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, өзінің шығармашылығын кеңінен танытуда. Оның қолынан шыққан әрбір туынды ерекше мәнге ие болып, көпшіліктің назарын аударады.
Әйгерімнің жетістіктері тек жеке кәсібінің дамуына ғана емес, сонымен қатар жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етіп отыр. Ол бүгінде «Qol Oner» атты «YouTube» арнасы арқылы қолөнердің қыр-сырын түсіндіретін бейнесабақтар жүргізеді. Оның сабағы – тігіншілік өнеріне қызығатын жастар мен балалар үшін құнды ақпарат көзі.
Ал Али есімді жас кәсіпкер ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуға бел буған. Ол малшаруашылығымен айналысуға шешім қабылдап, бұл мақсатта 10 жылқы сатып алған.
Бүгінде Али Жарылқапбайұлы жылқы бордақылап, олардың етін қала базарына өткізіп табыс табуда. Алдағы уақытта кәсіпкер шаруашылығын кеңейтуді жоспарлауда. Осы мақсатта жылқыға арналған қора-жай салып, мал ұстауға қажетті барлық жағдайды жасаған. Бұл қора 10 жылқыға лайықталып жабдықталған әрі болашақта мал басын көбейтуге мүмкіндік береді.
Малшаруашылығының шығындарын азайту мақсатында Али малдың жемшөбін өз егіс алқабынан дайындайды. Егіншаруашылығымен айналысу оған тек жемшөппен өзін қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өнімді сатуға да жағдай жасайды. Егіс алқабын жырту, егу және жинау сияқты жұмыстарды атқару үшін арнайы техника жалдайды. Бұл оның уақытын үнемдеумен қатар, еңбек өнімділігін де арттырады.
Қорыта айтқанда, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы жастарға бағытталған мемлекеттік саясатты жергілікті жерде сапалы жүзеге асырып отыр. Әрбір жоба, әрбір бастама – жас ұрпақтың ертеңіне салынған берік негіз. Ал жастармен жүйелі жұмыс – болашақтың сенімді кепілі.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ