Асыраушы саланың әлеуеті артып келеді
Егін егіп, мал өсіріп, ел ырысын еселеп отырған Жамбыл ауданында еңбек өнімділігі жыл өткен сайын артып келеді.
Қазіргі уақытта ауданда 2 549 аграрлық құрылым (4 өндірістік кооператив, 33 ауылшаруашылық кооперативі, 2 512 шаруа қожалық) ырғақты жұмыс істеп тұр. Осы агроқұрылымдар арқылы дала төсінде еңбек дүбірі қызып, еселі еңбектің өтеуі аудан экономикасын ілгерілетуге ықпал етіп отырғанын айта кетуіміз керек.
Өткен жылы ауданның ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 68,1 миллиард теңгеге жетіпті. Өнім көлемінің артуына, ең алдымен, өсімдік және малшаруашылығы бағытындағы оң өзгерістер себеп болса керек. Мәселен, өсімдікшаруашылығынан 47,3 миллиард теңгенің өнімі алынып, нақты көлем индексі 102,7 пайызды құрапты. Ал малшаруашылығында бұл көрсеткіш 20,3 миллиард теңгеге жетіп, жоспарланған межеге ойдағыдай қол жеткізілген.
Көптен бері жыр болып келген Тоғызтарау ауылдық округі аумағындағы «Сұлтан» каналына 20,1 миллион теңгеге шлюз құрылысының жүргізілуі, 8,9 миллион теңгеге Шоқай ауылында ірі және ұсақ малдарды емдеуге арналған орын орнатылуы, Айша бибі ауылдық округіне қарасты Ынтымақ, Майский саяжайы маңындағы Аса өзені арнасы жанынан, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Дорожник» саяжайы аймағынан, Аса ауылдық округ аумағындағы Аса өзені арнасы жанынан су қорғау аймақтарын құру мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуіне 19,5 миллион теңге бөлінуі аудан атқамінерлерінің халықтың талап-тілегіне құлақ асатынын білдірсе керек.
Осы жылы Айша бибі ауылындағы «АЛИЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жаңадан пайдалануға берілген 7000 тонна көкөніс сақтау қоймасына электр желісін тартуға 48,7 миллион теңге, «А.Рыспанов» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасын газдандыруға 8,7 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі уақытта Тоғызтарау және Өрнек ауылына мал шомылдыруға арналған орын (купка) салынып жатыр екен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Ақбастау, Ерназар ауылдық округтерінде малдан қан сынамасын, екпе егетін (раскол) және мал шомылдыруға арналған орын құрылысы басталыпты.
2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы 6 ауылдық округте іске асырылыпты. Атап айтқанда, Бесағаш, Өрнек, Қаракемер, Айша бибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтерінде жоба өз жемісін беруде. Осы жоба аясында 474 адам жұмыс орнымен қамтылған екен. Аталған ауылдық округтерден 1 219 жеке кәсіпкер 5,1 миллиард теңге несие алған.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты, яғни «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында ауданда Айша бибі, Қаракемер, Аса, Бесағаш, Жамбыл ауылдық округтерінен 16 жеке кәсіпкерге 117,5 миллион теңге несие беріліпті. Осы жылы Айша бибі, Ақбастау, Аса, Бесағаш, Жамбыл, Көлқайнар ауылдық оукругтерінде 14 жоба жүзеге асып жатқан көрінеді. Аталған жобалар 121,5 миллион теңгеге қаржыландырылған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ