Қоғам

Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс

Облыс бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік аудиттің қаржылық бақылаудың жариялық қағидатын сақтау мақсатында Шу ауданына жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша кеңейтілген аудит отырысын өткізді. Жиынға комиссия төрағасы мен мүшелері, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков пен әкімдік қызметкерлері қатысты.

2025 жылға арналған жоспарға сәйкес облыстық тексеру комиссиясы Шу ауданында мемлекеттік аудит жүргізген. Бұл тексеріс жергілікті әкімдік пен оған қарасты мекемелердің жұмысының аудан дамуына қаншалықты тиімді әсер етіп жатқанын анықтауға бағытталған. Аудит барысында 18 мемлекеттік мекеме мен 2 кәсіпорынның жұмысы қаралған. Яғни, осы ұйымдардың қызметі толықтай тексерістен өткен. Комиссия мүшесі Асылхан Шаймерденовтың айтуынша, тексеру кезінде 2022-2024 жылдар аралығындағы 140 бюджеттік бағдарлама қаралған. Бұл бағдарламалар аясында жалпы сомасы 24,2 миллиард теңге бөлінген. Алайда сол қаражаттың ішінен 10 миллиард 24,9 миллион теңге көлемінде түрлі заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында бөлінген қаражатты пайдалану кезінде де олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, аудан аумағындағы үш орта мектепті газбен қамтамасыз етуге байланысты жұмыстарды атқару үшін «Монтажник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 31,9 миллион теңге негізсіз аударылған. Мұндай олқылықтың орын алуына мекеме тарапынан бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында нақты мақсаты мен міндеттерінің айқындалмауы себеп болып отыр. Сонымен қатар 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған «Hyundai Tucson» және «Kia Sorento» маркалы автокөліктері де тиісті мақсатта пайдаланылмаған. Бұл көліктер кәсіпорын қызметіне толық жұмылдырылмағандықтан, 38,6 миллион теңге көлеміндегі қаражат тиімсіз жоспарланып, нәтижесінде босқа шығындалған.

Баяндамашы айтқандай, аудан тұрғындарынан 45 өтініш келіп түскен. Тұрғындар ауызсу, білім беру, денсаулық сақтау объектілерін жөндеуден өткізу, елді мекендердегі жол сапасын арттыру, газдандыру және интернет желісі секілді бірқатар мәселелерді көтерген. Алайда бұл мәселелер толық шешілмеген күйінде қалып отыр. Мұнымен қоса аудит отырысында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атқарған жұмыстары мен Ескі Шу, Көкқайнар ауылдық округтерінде анықталған бірқатар мәселелер қаралды. Аталған мәселелер аясында бюджеттің тиімді игерілмеуі тақырыпқа арқау болып, аудан әкімі орын алған олқылықтарды ретке келтіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.

Аудит отырысы соңында қатысушылар әкімдік қызметкерлері мен жауапты мамандарға сауал жолдап, шешімін таппаған мәселелер жөнінде тиісті шаралар қабылдану керектігін ескертті. Сондай-ақ облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Шалғынбайұлы бұл шаралардың жедел және заң аясында орындалуын тапсырды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ