Үлгіліде шыны зауыты іске қосылды
Қазақта «Ер – туған жеріне» деген мақал бар. Бұл мақалдың шын мәнінде астары терең екенін жұртшылық жақында тағы бір айқын сезінгендей болды. Негізінде Үлгілі ауылында туып-өскен, ширек ғасырға жуық уақыт шыны бұйымдары саласына қатысты кәсіппен айналысып келе жатқан Жамалхан Ибрагимовтың туған топырағына тарту жасап, өндірістік зауыт салуы қай-қайсымызға болса да үлгі. Мұны зауыттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те өз сөзінде атап өтіп, жаңа өндіріс орнының аймақ экономикасына қосар үлесін тілге тиек етті.
Тараз қаласынан Байзақ ауданына барар жолдың бойынан орын тепкен аталған «JS CLASS» шыны шыңдайтын зауыт 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ашылды. 40 адамға жұмыс орнын ұсынып отырған кәсіпорын қазіргі заман талабына сай жабдықталыпты. Бұл – қайда жүрсе де туған жерін ұмытпаған азаматтың елге деген шынайы құрметі.
Бұдан кейін Ербол Қарашөкеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров жаңа нысанның лентасын қиып, көпшілік зауыт ішін аралап көрді. Кәсіпорын жұмысымен құрылтайшы Жамалхан Жұманұлы және зауыт директоры Сұңғат Бекбауов таныстырды. Шығарылып жатқан өнімнің беріктігі соншалық, оны бетондалған еденге тастап, үстіне адам секіргенде де сынбады.
Мұны өңірлік индустрияны ілгерілетуге бағытталған соны жоба десек, еш қателеспейміз. Жеке қаражат есебінен жүзеге асатын осындай жобалар ауылдық жерде көбейсе, жергілікті тұрғындар өзгенің өніміне тәуелді болмайтыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ