Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет
Кеше «Шахристан» кешеніндегі көрме залында «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форум өтті. Өскелең ұрпақты құқықтық сауаттылыққа баулу, оларды жат ағымдардан, қылмыстық әрекеттерден сақтау және қоғамда тәртіп пен еңбекке деген көзқарасты нығайту мақсатында өткен жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Форумды ашқан облыс әкімі жастар тәрбиесінің мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 17 661 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сонымен қатар, 1 315 азаматты кәсіптік оқытумен қамту көзделіп, оның 203-і бүгінде оқыту курстарына жолданыпты.
Мұнан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, өзекті мәселемен барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірігіп күресуі тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ форумда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев сөз алып, жас ұрпақтың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін тиісті іс-шараларды жүргізу керектігін жеткізді.
Форумда жұмыссыздық мәселесі де кеңінен қозғалды. «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Адиль Алиев жастарды еңбекке баулу арқылы оларды қылмыстық ортадан аулақ ұстауға болатынын атап өтті. Бұл ретте кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланыс нығайтылуы тиіс деген ұсыныс айтылды.
Сол секілді Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеев, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков сөз сөйледі. Олар білім мекемесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар, жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, мамандыққа баулу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жайын баяндады.
Форумда ерекше назар аударылған жобалардың бірі – Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназиясында жүзеге асып жатқан «Қалқан» жобасы болды. Бұл бастама оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған. Жоба жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай жастарды өз құқықтарын қорғауға үйрету, құрдастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы тиімді әдістерді таныстырды.
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Гүлшат Құлабекова өңірдегі жоғары білім беру ұйымдары өзекті мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын ашына айтты. Балықшаруашылығы мен агрономия салалары бойынша білім алған студенттерге жұмыс табу қиын екенін жеткізді. Сонымен қатар, елімізде физика пәнінің мамандары тапшы екені де спикер назарынан тыс қалған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Гүлшат Қамбарбекқызының ойынша, оқушылардың осы салаға қызығушылығын мектеп қабырғасынан бастап ояту қажет.
Форум соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бүгінгі талқылаудан түйген ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарында ескерілетінін айтып, қоғам болып бірігіп әрекет етудің маңызын баса айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір кәсіпорындарында студенттердің тәжірибеден өтуі және кейіннен жұмысқа орналасуы бойынша бизнес өкілдері мен білім беру мекемелері арасында 15 меморандумға қол қойылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ