Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдық жеткіншек гран-при иегері атанды

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің басты мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Бұл фестиваль әрбір баланың даралығын, шығармашылық қабілетін танытып, өнер мен талантын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да жол ашады. 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фестиваль талай ерекше баланың үмітін оятып, болашаққа сеніммен қарауына себепші болды.

Биылғы мерейтойлық фестиваль аясында республика бойынша 100 мыңнан астам қазақстандық ерекше балалардың өнері сарапқа салынып, дауыс берілді. Нәтижесінде Байзақ ауданындағы Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужан хореография аталымы бойынша халық ықыласына бөленіп, байқаудың гран-при иегері атанды. Талантты оқушыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Сонымен қатар фестиваль барысында ерекше балалардың дамуына үлес қосып жүрген үш облыстың педагогі «Жұлдызды ұстаз» төсбелгісімен марапатталды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ