Әлеумет

Ерекше балалар ертегі әлемінде

«Мамыр» саябағында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Балалар ертегі әлемінде» атты іс-шара өтті. Мүгедектігі бар балғындардың әлеуметтік бейімделуіне, дамуы мен қоғаммен етене жақын болуына жағдай жасау мақсатында өткен іс-шараға жалпы 320 ерекше бала мен олардың ата-аналары қатысты.

Ұл-қызын жетелеп, салтанатты кешке асыққан ата-аналардың бойынан балаларының жолында өзін құрбан етуге дайын өжеттік байқалды. Бір әке көзі көрмейтін баласына мерекелік кештің өту барысы мен сән-салтанатын баяндап, қызығы мол қызыл-жасыл әлемді суреттеуге ұмтылса, енді бір ана баласының қоларбасын имене итеріп, сахнаға қарай кетіп бара жатты. Ал енді бір отағасы мен отанасы бөбектердің өнеріне тәнті болып, өмір сүйген жүректеріне сүйсініп, қуаныштан көздеріне жас алып тұрды.

Расында мерекенің салтанатын жан-тәнімен сезінген ерекше балғындар кеш барысында мың бұрала би билеп, тамылжыта ән салып, ерекше белсенділік танытты.

Сонымен қатар «Құқықтық алаң» ұйымдастырылып, ата-аналарға түрлі мәселелер бойынша кеңес берілді. Ал «Сиқыр әлемі» атты шеберлік сағатында балалар «құмыра дөңгелегі» станогында жұмыс істеуді үйренді.

Ал «Ажур» шығармашылық орталығының шеберлері әртүрлі сәндік бұйымдар жасаудың әдіс-тәсілдерімен таныстырып, қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Шеберлік сағатына қатысқан әр бала өзі қалаған бұйымды ұсталардың көмегімен жасап шығып, мәз-мейрам болды. Сондай-ақ олар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын естелікке алып кетті.

Бағдарлама аясында кішкентай көрермендер цирк әртістерінің жануарлармен қойған қойылымдарын, Ер Төстік ертегісінің кейіпкерлерін, үлкен қуыршақтарды және аквагрим шеберлерінің өнерін тамашалады. Сабын көпіршіктерінен жасалған ерекше шоу іс-шараның көркін аша түсті. Театрландырылған қойылым мен ойындар балаларды ертегі әлеміне жетелеп, қуаныш пен шаттыққа бөледі.

Сондай-ақ «Балалық шақ мерекесі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, «Nomad» тобы «Тәттілер», «Бақытты балалық шақ» әндерін орындады.

Балалар мерекесі барысында жеткіншектер түрлі әткеншектерге мініп, шат-шадыман көңіл күймен уақыт өткізді. Сондай-ақ балғындарға тегін балмұздақ таратылды.

Балмұздақ жеп, әткеншек теуіп, қолөнермен айналысып, ертегі еліне сапар шегіп қайтқан әрбір мүгедектігі бар бала мен оның ата-анасының жалғыз арманы бар. Ол дертінен айығу ғана. Ал ертегі біткеннің соңы әдемі аяқталады. Осы кештегі әрбір бала ертегі әлеміндегі тілегі орындалған ең бақытты кейіпкерге айналса екен...

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ