Жаңалықтар

Әйел бақытты болса, әлем де бақытты

Әйел – нәзіктік пен даналықтың үйлесімі болып келе жатқан ерекше жаратылыс. Ол бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Егер әйел бақытты болса, онда бүтін бір ұлт бақытты болады.

Көп жағдайда әйел десе, көз алдымызға тек отбасының шырайын кіргізіп, бала тәрбиесімен айналысатын жан елестейді. Бұл – дұрыс, бірақ толық емес көзқарас. Ата-бабамыздың ұғымында әйел қазан-ошақтың иесі, ұрпақтың тәрбиешісі, еріне тірек, көптің үлгісі саналған. Ал бүгінде осы дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, әйел заты заманға бейім, білімді, бастамашыл тұлға ретінде қалыптасып келеді.

Бүгінгі қазақ әйелінің бейнесі көпқырлы, ол – ана, жар, кәсіби маман, қоғамдық белсенді, кейде көшбасшы, тіпті саясаткер. Оның қоғамдағы үлесі енді бір ғана отбасы шеңберімен шектелмейді. Ол оңтайлы шешім қабылдаушы, ой қозғаушы, тың идея иесі.

Қазіргі заманда әйелдер жұмыс пен отбасылық өмірдің тепе-теңдігін сақтауға ұмтылады. Бұл оңай міндет емес. Таңмен таласа тұрып, жұмысқа барып, кешке үй тіршілігіне араласатын нәзік жандылардың күнделікті еңбегі көзге көріне бермейтін, ақысы төленбейтін, бірақ қоғамға тиетін ықпалы орасан зор іс.

Сонымен қатар кәсіпкерлікке бет бұрған қыз-келіншектер саны жыл санап артуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген әйел өз кәсібін бастап, тек өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр. Бұл әйелдердің экономикалық белсенділігінің де артып келе жатқанын көрсетеді.

Отбасындағы тәрбие, адамгершілік құндылықтар, салт-дәстүрдің сақталуы әйелдің ішкі мәдениеті мен парасатына тікелей байланысты. Анадан алған тәлім ұрпақтың болмысына айналады. Сондықтан әйел тек бір отбасы үшін емес, ұлттың рухани иммунитетін қалыптастырушы тұлға ретінде де бағалануы тиіс.

Ақ жаулықтылар тек әдемілік пен нәзіктіктің ғана емес, ақыл мен жауапкершіліктің де иесі. Қоғамдағы тұрақтылық пен рухани биіктіктің қалыптасуында әйелдердің еңбегі зор. Әр үйдің мүшесі өзін бақытты сезінуі үшін, отбасының ұйытқысына айналған отанасы бақытты болуы тиіс.

Айдана САРСЕНОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 3-курс студенті