Үміт алға жетелейді
Студент кезімде құрбым екеуміз жалғыз тұратын Надежда есімді орыс әйелдің пәтерінің бір бөлмесін жалға алдық. Тап-тұйнақтай бөлменің іші кең әрі жайлы еді. Бізге ұнағандықтан осы пәтерде тұруға бірден келісе кеттік. Пәтер иесі өз бөлмесінен шықпайтын. Ас бөлмеге кіріп, тамақтанып алатыны болмаса, басқа уақытта теледидардың даусын қаттырақ қойып, бөлмесінің есігін тарс жауып алатын.
Жаңа үйдегі алғашқы күндер ойдағыдай өтіп жатты. Араға апта салып сабақтан келіп, бөлменің есігін ашқанда әр жерде шашылып жатқан киімдерімізді көріп, таңырқап қалдық. Кетерде бәрін жинастырғанымызды ойлап, әйелден бір ауыз сұраған едік, иығын қиқаң еткізіп, үнсіз шығып кетті.
Бізге түсініксіз жағдай күнделікті қайталана берді. Әйел үнемі ештеңе білмейтінін айтып, құтылып кете берді. Бірде аппақ қабырғаны әлдекімнің шимайлап тастағанын көріп, зәре-құтымыз қалмады. Бұл жолы мән-жайды білу үшін шындап кірісіп, үй иесін қыспаққа алдық. Әлденеден үрейленіп жылап жіберген әйелдің қан қысымы көтеріліп кеткен соң, жедел жәрдем шақырып, үнсіз жатып қалдық.
Түн ауа құрбым жұлқып оятты. «Дәлізде біреу жүр» дейді ол ентігін баса алмай. Екеуміз есіктің саңылауынан 7-8 жас шамасындағы кішкентай қызды анық көрдік. Ол аяқкиімдермен ойнап жүр еді. Бірақ бөлмеден шығуға жүрексініп, таңға көз ілмедік.
Таң қылаң бере есікті ашқанда, дәлізде ешкім жоқ болып шықты. Надежданың есігін тақылдатып, мән-жайды түсіндірмесе, тәртіп сақшыларын шақыратынымызды айттық.
Біз берген пәтерақы Кристинаның дәрумендері мен киім-кешегіне қажет екенін ұққан соң, осы пәтерде ары қарай тұра бердік. Күн сәулелі қыз бұрын әжесінің ғана мейірімін оятса, енді ол біздің ортақ қуанышымызға айналды.
Кішкентай жүрегімен үлкен тауқыметті арқалаған бүлдіршін қыз сондай мейірбан, ақылды еді. Бәрін түсінетін. Тек сөйлей алмайтын. Бәрін ыммен түсіндіреді. Алайда ол анық айта алатын бір ғана сөз болды. Ол альбомнан өзін тастап кеткен анасының суретін көрсетіп: «Мама» деп күні бойы қайталап жүретін.
Бұл бір ғана айықпас дертке шалдыққан күн сәулелі қыздың мұңға толы тағдыры. Ал мұндай мүгедектігі бар балалар қаншама?! Олар Құдайдың қалауымен әлдебір дертпен дүниеге келгеніне кінәлі емес. Мүгедектігі бар болып дүние есігін ашқан балалардың бәрінен бірдей ата-аналары бас тартып жатқан жоқ қой. Керісінше, ең аяулы, ең қымбат адамы ретінде қанаттығы қақтырмай, тұмсықтығы шоқыттырмай өсіріп келе жатқандар да көп.
Сәкен аға биыл 35-ке толды. Оның қатары отбасы құрып, бала тәрбиелеп отыр. Ал Даун синдромымен дүниеге келген Сәкен әлі жас баладай кішкентай бүлдіршіндермен асыр салып ойнап жүр.
Күн сәулелі кенжесі дүние есігін ашқанда анасы өмірден өтеді. Сол жылы 18-жасқа толған үйдің үлкені бауырларына қамқор болу мақсатында сөз байласып жүрген өз сыныптасына үйленеді. Жас келін құндақтаулы Сәкенді бауырына басып, ешкінің сүтімен өсіреді. Ол жеңгесін «мама» деп атап кетті. Той болсын, құдалық болсын жеңгесі өз балаларын емес, Сәкенді жетектеп кететін. Оған себеп, толық сөйлей алмайтын ұлға біреу тиісіп қоя ма деп уайымдайтын.
САНЯМ
Кішкентай ғана Саням Нұрахметова есімді бүлдіршінге жуырда ғана ота жасалған. Ол арнайы темірге сүйеніп жүреді. Дәрігерлер уақыт өте келе бәрі жақсы болып кететінін айтқан. Саням Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің 1-сыныбын үздік аяқтады.
ЖҰЛДЫЗАЙ
Саябақта серуен құрып жүрген анасы мен қызының ерекше махаббаты көңілімді бірден аударды. Жақын барып, танысуға бел будым. Қыздың аты-жөні Жұлдызай Дәулет екен. Менің журналист екенімді естіген есті қыз анасына қарап: «Анашым, әкем екеуңіздің маған берген уәделеріңіз жүрегімде жатталып қалды. Үнемі қасымда жүргеніңіз үшін, қамқор болғаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздердің арқаларыңызда мен өзімнің арбаға таңылғанымды сезінбеймін де. Мені ешкімнен кем қылмай өсіргендеріңіз, өмір сыйлағандарыңыз үшін разымын. Басқа балалар сияқты төрт мүшесі түгел тұлға ретінде тәрбиелегеніңіз үшін алғысым шексіз» дегенде анасы Айқыздың көзінен жас парлап қоя берді.
Айқыз Көбеева 6 баланың анасы. Ол қызының қоларбаға таңылғанына әлі күнге сенгісі келмейді.
РУСЛАН
Руслан Шыңғысбай №54 орта мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы. Руслан өз ортасына сыйлы, ерекше зейінді жасөспірім. Ол қандай байқауға, олимпиадаға қатысса да жүлделі орын алып, түрлі жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
Ал анасы Гүлмира Даниярова ұлының күндердің күнінде аяққа тұрып кететініне сенеді.
Иә, мүгедектігі бар әр баланың әке-шешесі арбаға таңылған ұл-қызының мүмкіндігінің шектеулі екенін қабылдай алимайды. Сенгісі келмейді, сене де алмайды. Оларды үміт алға жетелейді. Үміт солған күні өмір таусылады. Ал мұндай ерекше баласы бар отбасының үміті мәңгілік жанып тұруға тиіс!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ