Азаматтық қорғаныс қатарына жаңа сарбаздар қосылды
Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне 30 жас сарбаз салтанатты түрде әскери қызметке аттанды.
Сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің аумағында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері және жас сарбаздардың ата-аналары арнайы қатысты. Олар жас толқынға жүрекжарды тілектерін жолдап, бұл маңызды миссияның зор жауапкершілік пен қайсарлықты талап ететінін атап өтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Токанов өз сөзінде жас сарбаздардың әскери жолды таңдауы ерлік пен елжандылықтың нақты дәлелі екенін атап өтіп, Отан алдындағы қасиетті борышты өтеу азаматтық қалыптасудың берік іргетасы әрі болашақ қауіпсіз мамандардың алғашқы сынағы екенін баса айтты. Ол сондай-ақ сарбаздардың әрбір шешімі мен іс-әрекетінің мыңдаған адамның өмірі мен амандығына тікелей ықпал ететінін жеткізді.
Бұл салтанатты рәсім жай ғана ресми әскери шара емес, азаматтық жауапкершілік, елге адалдық және қоғамдық сенімді ақтау сынды биік құндылықтардың көрінісі болды. Енді жас сарбаздарды алда кәсіби даярлық кезеңі, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында ерекше маңызға ие қызметтік міндеттер күтіп тұр. Олар еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді тірекке айналатын болашақ мамандар ретінде тәрбиеленбек.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ