Шомылу маусымы басталды
1 маусым күні облысымызда ресми түрде шомылу маусымы ашылды. Салтанатты іс-шара жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінің қатысуымен «Зербұлақ» қалалық жағажайында өтті.
Жадыраған жаз айларында салқындау, демалу мақсатында көлге, өзенге тағы басқа су қоймаларына шомылуға баратындардың қатары көбейеді. Жалпы суда жүзу қан айналымын жақсартып, бұлшықетті шынықтырып, күйзелісті азайтады. Дегенмен судағы қауіп-қатер де естен шықпауы тиіс. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымында судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Бүгінде департамент қызметкерлері күн сайын су айдындарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың айтуынша, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде суға түсу жаз мезгіліндегі қайғылы оқиғалардың негізгі себептері болып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары шомылу маусымы кезінде суға кету фактілері көбінесе ересектердің салғырттығы мен қауіпсіздік ережелерін елемеуінен туындайды екен. Сондықтан әр азаматтың судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауы өз өмірі мен жақындарының амандығын қамтамасыз етудің басты кепілі.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті тарапынан «Мамыр қаупі» акциясы ұйымдастырылыпты. Халықтың, әсіресе балалар мен жастардың судағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты білімін арттыру және адам өліміне алып келетін қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында қолға алынған акцияға тұрғындар да белсене қатысқан.
Жалғас Бекмұратұлының айтуынша, бұдан бөлек облыстың барлық су айдындарында профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары үздіксіз, бекітілген кесте бойынша тұрақты жүргізілуде. Бұл іс-шараларға төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер қозғалысының өкілдері жұмылдырылған.
Қауіпсіздік – әрбір адамның жеке жауапкершілігі екенін естен шығармауымыз қажет. Демалыс уақытын тиімді пайдалану немесе тілсіз жаудың құрбанына айналу әр адамның өз таңдауы. Сол себепті «сақтансаң сақтайды» деген қағиданы ұстанып, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтағанымыз абзал.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ