Тұтынушы құқығы тапталмауы тиіс
Бүгінде қолына бопыратып қағаз ақша ұстап жүретіндер некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Жұрттың дені сауданы базарда да, ірі сауда желілері мен үй маңындағы дүкенде де электронды төлем жүйесі арқылы жасайды. Элктронды сауда жүйесі алғаш пайда болған сәтте халық тауар ақысын ірі дүкендерде банк карточкасы арқылы төлейтін. Қазір жұртшылық жаппай тауардың не көрсетілген қызметтің ақысын төлеуде смартфонға жүктелген мобильді банк қосымшаларындағы QR арқылы есеп айырысуға дағдыланған.
Жасыратыны жоқ, электронды ақша пайда болғалы жұрт қалтасына әмиянын салып жүруден арылды. Одан бөлек, әмияныңды бір пәсте «үптеп» кететін ұрылардан да құтылды. Тұтынушы үшін тағы бір маңызды жайт, мұның есеп айырысуда ең ыңғайлы әрі уақыт үнемдеуде таптырмас тәсіл болғаны. Қалаберді кейбір супермаркеттерде тұтынушы QR арқылы сауда жасаса, оған кемі 5 пайыз мөлшерде бонус беріледі. Кейін бонус арқылы жиналған қаржыны да бір әжетке жаратуға болады. Бір айта кетерлігі, базардағы кейбір саудагерлер немесе үй маңындағы шағын дүкен иелері тұтынушыларға «QR жоқ» деген желеумен өзінің не туысының «Kaspi Gold»-ына қаржы аударуды ұсынуы әлі де азаяр емес. Тіпті олардың арасында нақты ақша болмаса тауарын сатудан бас тартатындар да бар. Шындап келгенде электронды сауда жүйесіндегі онлайн аударымды, яғни қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды құп көрмейтіндер табысын жасыратындар. Есеп айырысудың мұндай түріне жол берілгенде саудагердің тауарына, сапасына, көрсеткен қызметіне бақылау жүргізу мүмкін болмайды. Сондай-ақ олар фискалды чек бермеуге тырысып, табысынан салық төлемес үшін әдейі осылай жалтарады. Себебі QR мен кассалық чек болмаған жерде тауар айналымы көзден тасада қалып, «көлеңкелі» бизнеске жол беріледі.
Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Абай көшесінің тұрғыны Малика Асабаева мұндай дүкендерден тауар алғанда тиісті құқығыңды алға тартсаң, кекірейіп, сауда мәдениетін сақтамай, өзіңе дүрсе қоя беретін сатушылар да бар екенін айтады.
Негізінде қолданыстағы заңнама бойынша кәсіпкерлер ресми төлем жүйелерін қолдануға міндетті. Бірақ бұл талап іс жүзінде үнемі орындала бермейтіні екінің біріне мәлім. Бұл сауда нарығында ақиқатты ашу үшін салық органдары мен тиісті бақылаушы мекемелер әлі де өз жұмысын дұрыс жүргізбей отыр деген сөз. Осы орайда біз тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда қандай шара қолданылатынын облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлнұр Абдалиевадан сұрап, білдік.
Оның айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар көбіне бақылаудың әлсіздігінен немесе тұтынушылардың өз құқықтарын білмеуінен орын алады. Сондықтан әр азамат өз мүддесін заң аясында қорғауға дайын болуы қажет. Тұтынушы осындай жағдайға тап болған кезде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуы тиіс.
Кейбір саудагерлер тұтынушы құқығын таптап, заң мен ережені өз қарабастарына пайдаланғысы келетіні басы ашық мәселе. Ал қоғамда сауда-саттық ашық әрі әділ жүргізілуі керек. Бастысы саудагер қарапайым халықтың ыңғайлы тәсілмен сауда жасауына тосқауыл болмауы қажет.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ