Экономика

Жаһандық нарықты жаулаудың жолы

Әлемдік нарыққа тауар жөнелтудің ел экономикасын ілгерілетуде тигізер пайдасы зор. Қазіргідей жаһандану дәуірінде Қазақстан үшін сауда саясатын дамыту арқылы жаңа инвестициялар тартуға, өндірістік әлеуетімізді арттыруға, жұмыс орындарын көбейтуге және валюта түсімін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Әсіресе, өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін, ауылшаруашылығы тауарларын және жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын шетелге сату арқылы отандық кәсіпкерлер жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.

ЭЛЕКТРОНДЫ САУДАНЫҢ ЗАМАНАУИ ТАЛАБЫ

Әлемдік нарыққа тауар экспорттаудың түрлі жолы бар. Оның ішінде халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға қатысу, шетелдердегі серіктестермен ұзақмерзімді келісімдер жасау, шетелдегі сауда өкілдіктері арқылы экспорт көлемін ұлғайту секілді дәстүрлі тәсілдер кез келген мемлекетте бұрыннан қолданылып келеді. Алайда қазіргі таңда заман талабына сай, технологиялық мүмкіндіктерге негізделген тағы бір маңызды бағыт бар. Ол – электронды сауда.

Электронды сауда өнімді интернет арқылы өткізумен қатар жаһандық нарықтарға жол тартудың тиімді әрі үнемді әдісі. Әсіресе шағын және орта кәсіп иелері өз өнімін халықаралық деңгейдегі тұтынушыларға таныстырып, олармен тікелей байланыс орната алады. Электронды сауда алаңдары делдалсыз сауда жасауға жол ашып, логистика, төлем жүйелері мен тұтынушы қызметтері секілді шығындарды төмендетіп, цифрлық негізде автоматтандыру арқылы экспорттаушылардың жүктемесін айтарлықтай азайтады. Осы ретте мемлекет тарапынан аталған бағытқа ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының

бас директоры Айтмұхамед Алдажаровтың айтуынша, Қытайдың ең ірі «B2C» электронды платформаларының бірі – «JD.com» сайтында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылып, отандық өнімдердің халықаралық нарықта кеңірек танылуына соны жол ашылыпты. Бұл павильонда қазіргі таңда 15 отандық брендтің 44 түрлі өнімі, яғни азық-түлік, бал, косметика және басқа да тауарлар тұтынушыларға ұсынылған екен. Электронды платформаларда жұмыс істеу үшін отандық компаниялар өнім сапасына, қаптамасына, маркетингтік стратегиясына және халықаралық талаптарға сай сертификаттарға ерекше назар аударуы қажет.

Жалпы алғанда электрондық сауда арқылы тауар экспорттау Қазақстан экономикасы үшін үлкен пайда әкелетінін айта кеткен жөн. Ең алдымен бұл экспорт географиясын кеңейтіп, шалғай аймақтағы кәсіпкер өз өнімін шет елге ұсынуға мүмкіндік алады. Қаптама, логистика, IT және клиенттермен байланыс салаларында мамандарға сұраныс артады. Ел экономикасының сыртқы факторларға тәуелділігін төмендетуге әсер етеді. Электрондық сауда жүйелері отандық бизнестің цифрлық үдерісін жеделдетеді.

Қазақстандық компаниялардың әлемдік электронды сауда алаңдарына шығуы елдің жаһандық имиджін қалыптастырудың да бір тетігі десек артық айтқандық емес. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларын күшейтіп, кәсіпкерлерді оқыту, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе.

Негізінде әлемдік нарыққа өз тауарын шығару әрбір кәсіпорынның басына бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан қандай да бір өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындар электронды сауданың мүмкіндігін пайдаланып, оның осы істі жүзеге асырудың қолжетімді, заманауи әрі тиімді құралы екенін жете сезінсе болды. Қазақстандық өнімдер халықаралық тұтынушының талабына сай болса, оны әлемдік нарықта лайықты орынға шығаруға толық мүмкіндік бар.

 

ЭКСПОРТТЫ АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА ҚҰРАЛЫ

Қазақстан экономикасының жаһандық жүйеге белсенді кірігуі үшін шет елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту аса маңызды. Осы орайда сауда-экономикалық миссиялар қазақстандық өнім өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруда және халықаралық нарықтарға жол ашуда таптырмас құралға айналуда.

Негізінде сауда-экономикалық миссиялар (СЭМ) аясында отандық кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестер арасында тікелей іскерлік кездесулер ұйымдастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Нәтижесінде сыртқы нарыққа шығуға дайын кәсіпорындарды шетелдік нарықтың талаптарымен, әлеуетті сатып алушылармен және дистрибьюторлармен таныстыруға қол жеткізіледі. Осындай кешенді іс-шаралар дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруда маңызды рөл атқарады. Электронды хат алмасу мен онлайн жарнамаға қарағанда тараптардың бетпе-бет кездесіп, жүзбе-жүз тілдесуі екі ел арасындағы кәсіпкерлер үшін әріптестік байланысты нығайтады. СЭМ барысында кәсіпкерлер өз өнімінің сапасын дәлелдеп, тұтынушы сұранысына сай тауар ұсына алады. Сонымен қатар сыртқы нарықта нақты қандай тауарларға сұраныс барын анықтауға, жүйеге, сауда саясатындағы ұстанымға қажетті өзгерістер енгізуге мол мүмкіндік береді.

Сауда-экономикалық миссияларды өткізудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа тәсілдер әзірленіп, олар қолданысқа біртіндеп енгізіліп жатса керек. Алдағы уақытта қандайда бір ұйымдастырылған іс-шара аяқталғаннан кейін қатысушы компаниялармен ашық диалог және пікір алмасу форматында кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіліпті. Бұл болашақта сауда миссияларын ұйымдастыруды жетілдіру үшін қажетті кері байланыс (feedback) алуға мүмкіндік беретін көрінеді.

Біздің пайымымызша, отандық кәсіпкерлер үшін шетелге тауар шығарудың жолы қиындыққа толы емес. Бастысы өнім өндірушілер мақсатын, бағытын айқындап, алға қарай адымдай алса болғаны.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ