Меркілік оқушылар роботрактор ойлап тапты
Ауылшаруашылығы саласына жаңа инновациялық технологияларды енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы жолда жамбылдық жас өнертапқыштар да тынбай ізденіп, тың жобаларды жүзеге асыруда. Сөзіміздің жарқын мысалы ретінде Меркі ауданындағы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектептің оқушылары – Ғабдолла Ақсұлтан мен Нұрлыбек Байкөбектің ерекше жобасын атауға болады.
Гүлназ Нұрланқызының ғылыми жетекшілігімен жасалған «РОБОТРАКТОР – 3/1» автономды техникасы – ауылшаруашылығы саласына серпін беретін инновациялық жаңалық. Жоба биылғы оқу жылының ең үздік техникалық шешімдерінің бірі ретінде бағаланып отыр.
Жобаның басты мақсаты – ауылшаруашылығында, әсіресе егіншаруашылығында жиі кездесетін жұмыс күші тапшылығы мен климаттық қолайсыздықтарды азайту.
Айтуынша, «РОБОТРАКТОР – 3/1» бір уақытта жерді қазу, дән себу және дәннің бетін жабу сынды 3 маңызды функцияны қатар атқара алады. Аталған функциялар автоматтандырылған жүйе арқылы орындалады. Робот арнайы сенсорлы датчиктермен жабдықталған. Датчиктер оған топырақтың күйіне қарай қажетті жұмыстарды дәл әрі тиімді атқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылғы жанармайсыз, таза электр қуатымен жұмыс істей алады. Бұл – қазіргі замандағы энергия үнемдеу, экологияны сақтау талаптарына толықтай сай келетін шешім.
Ал жетекшісі Гүлназ Нұрланқызы оқушыларының табандылығына, ізденімпаздығына дән риза екенін айтады.
Нұрлыбек Байкөбектің айтуынша, жоба тек мектептегі идеямен шектелмейді.
Жоба болашақта аграрлық саланы автоматтандыру, шығынды азайту, еңбек өнімділігін арттыру, жастарды ауыл өміріне тарту сияқты маңызды мәселелерді шешудің негізін қалайды.
«РОБОТРАКТОР – 3/1» – тек ауылшаруашылығына арналған техника емес, бұл – жастардың жаңашыл ойы, ауылды өркендетуге деген ынтасы, ғылымға деген ұмтылысы. Осындай жобалар ауылдан шыққан дарынды жастардың әлеуетін көрсетіп, Қазақстанның болашағы – білімді, жаңашыл ұрпақтың қолында екенін дәлелдейді.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ