Цифрлық Қазақстан

«Tech Orda» бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде

Қазіргі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс бұрынғыдан бетер артты. Цифрлық технология күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып, кәсіби салада ғана емес, қарапайым тұрмыста да үлкен маңызға ие болуда.

Осы орайда ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуға мүмкіндік беретін «Tech Orda» бағдарламасы ел көлемінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. «Tech Orda» – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің бірлесіп жүзеге асырып жатқан ауқымды жобасы.

«Tech Orda» – еліміздің 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтарына бағдарламалау, киберқауіпсіздік, мобильді қосымшалар жасау, жасанды интеллект, Big Data сынды салаларда тегін білім алуға мүмкіндік береді. Әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін грант қарастырылып, оқуға ынталы азаматтарға кәсіби маман ретінде қалыптасуға жол ашылады. Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер 2025 жылдың 30 сәуірінен бастап 29 мамырға дейін қабылданды. Өтінім беру ашық және қолжетімді.

Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – IT білімге қолжетімділікті арттыру. Бұған нақты дәлел ретінде өңірлерден қатысушылардың белсенділігін айтуға болады. Қатысушылардың 46 пайызы еліміздің түрлі аймағынан болса, IT мектептердің 40 пайызы өңірлерде орналасқан.

Облысымыздағы өңірлік IT-бағдарламалар менеджері Нұржан Нұрмұратұлы айтуынша, бағдарлама шеңберінде өңірімізде де жүйелі жұмыстар атқарылуда.

«Tech Orda» бағдарламасы аясында тек дәстүрлі оқыту емес, сонымен бірге инновациялық тәсілдер де жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Tomorrow School» мектебі. Бұл – Француз маманы Николас Садирак әзірлеген 01 Edu платформасы негізінде жұмыс істейтін заманауи жасанды интеллект мектебі. Мұнда «peer-to-peer» оқыту жүйесі қолданылады. Яғни, оқытушы мен дәстүрлі сабақ жоқ. Студенттер бір-бірімен ынтымақтастық орната отырып, жобалар арқылы үйренеді. Барлық студентке «Astana Hub» технопаркінде офлайн оқуға мүмкіндік беріледі. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді. Әр студент өзіне ыңғайлы уақытпен оқу процесін ұйымдастырады.

Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Олар – логикалық ойлау қабілетін бағалайтын онлайн ойындар және оқытудың алғашқы кезеңі саналатын «бассейн». Бұл кезең 17 қарашаға дейін өтеді. Одан әрі іріктеуден өткендер 18 айлық негізгі оқуға көшеді. Студенттер осы кезеңде 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, «Golang», «Rust», «JavaScript», «Python» сынды 20-дан астам бағдарламалау тілін меңгереді. Қорытынды кезеңде олар ЖИ-инженері, DevOps маманы, киберқауіпсіздік сарапшысы, бейнеойын әзірлеушісі сияқты нақты бір бағытты таңдайды. Бұл тәсіл қазіргі еңбек нарығының сұранысына бейімделген және тәжірибеге негізделген оқыту жүйесінің артықшылығын көрсетеді.

«Tech Orda» түлектері бүгінде Kaspi.kz, Halyk Bank, KPMG, Ernst&Young, Теңізшевройл, ҚазМұнайГаз, Freedom Finance, Kcell, Air Astana, Kolesa Group секілді елдегі ең ірі компанияларда қызмет атқарып жүр. Бұл – бағдарламаның нақты нәтиже беретінін көрсететін маңызды фактор.

IT – тек бір саланың шеңберінде қалатын мамандық емес. Қазірдің өзінде дәрігерге де, мұғалімге де, инженерге де IT дағдылары қажет. Мемлекет тарапынан басталған бұл бастамалар болашақта ел экономикасының серпінді дамуына, адами капитал сапасының артуына негіз болады. «Tech Orda» – тек бағдарламашылар ғана емес, жаңа буын кәсіпкерлері мен жаңашыл ойлайтын азаматтарды тәрбиелейтін алаң.

Айжан ӨЗБЕКОВА