Жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына кедергі келмеуі керек
Тараз қаласының дамуы оның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зәулім ғимараттарына, көздің жауын алатын көркіне, саябақтар мен жағажайларына қарап өлшенбейді. Ең алдымен қала мәдениетінің сақталуы маңызды. Оның ішінде тазалықтан бастап, тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасауға, жол қауіпсіздігін сақтауға мән берілуі тиіс.
Мұны сөз етіп отырған себебіміз, кейде қала ішінде серуендеп жүріп, өзің жүріп келе жатқан жаяу жүргінші жолын (тротуар) таппай қалатының бар. Кейбірін жол бойындағы дүкен не басқа да кәсіптік бағыттағы нысан қожайындары өз мүлігіндей иеленіп алып, сол аумаққа тастөсеме не асфальт жабындысын төсеп, бастапқы деңгейінен біршама биіктетіп тастайтын жайттар кездеседі. Мұндайда мүгедектігі бар азаматтарға арналған арбаның ондай жерге шығып-түсуі неғайбыл.
Жаяу жүргіншілер жолына қатысты қолдан жасалатын кедергінің түрі өте көп. Соның бірі – жол жиегінде орналасқан дүкен не тойхана алдындағы жаяу жүргінші жолына жұртшылықтың көліктерін қойып кетуі. Ал қала мәдениеті мен қоғамдық тәртіпке деген осындай немқұрайдылық қала тұрғындарының жүріп-тұруына айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз.
Мәселен, Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданындағы Әл-Фараби көшесінің бойында орналасқан «GÜL SARAI» атты мейрамхананың алдынан кешкі мезгілде ары-бері өту мүмкін емес. Себебі тойға келген қонақтар көлігін жаяу жүргіншілер жолына қойып тастайды. Бір бағытты жол болғаннан кейін амал жоқ, көліктер ағылып жүріп жатқан жолмен жүруіңе тура келеді. Дәл осы мейрамхананың жанына келгенде жолдың жиегімен жүрмей-ақ қояйын десең, қарама-қарсы орналасқан «Қарасу» ықшамауданына қарай өтуің керек, басқа амал жоқ.
Кешкі уақытта бұл маңайда қарттар, баласын жетектеген әйелдер жүреді. Олар тап біз сөз етіп отырған мейрамхана алдымен өтпегенде, басқа қай жолмен жүруі керек? «Жаман айтпай, жақсы жоқ», қаз-қатар тізілген көлікті айналып асфальтке шыққан адамды көлік қағып кетсе, оның соңы орны толмас өкінішке айналатыны анық.
Біз баласын балабақшадан алып келе жатқан бір қала тұрғынының көз алдымыздағы жайтқа қатысты пікірін тыңдаған едік. Гүлзат Тайлақова есімді тұрғын «Қарасу» ықшамауданындағы «Назерке» балабақшасына балаларын жаяу апаратынын, кейде қаланы серуендейтінін сөз ете отырып, аталған мейрамхана алды кешке қарай ығы-жығы көлікке толып, ыңғайсыздық тудыратынын қынжыла жеткізді.
Ертесіне біз аталған «GÜL SARAI» мейрамханасына барып, телефон арқылы Күльзахира Абдезовамен сөйлестік. Айтуынша, ол дәл қазір осы мейрамханаға басшылық етіп отыр екен.
Біз байқағандай, аталған моншаның артқы жағы өзгенің иелігіндегі жер болуы керек. Өйткені ол жақты жауып тастаған екен. Бірақ қарама-қарсы жолдың бойында да автотұрақ бар екен. Ол жерге де барып, Мира Байжанованы сөзге тарттық.
Бұдан кейін Тараз қаласы полиция басқармасы полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Руслан Оразбаковпен тілдестік.
Қоғамдық тәртіпке қай кезде де бейжай қарауға болмайды. Бұл тұрғыда полицейлердің мәселені шешуге білек сыбана кірісуі орынды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ