Жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүргізілуде
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Еңбек мобильдігі орталығы» мекемесінің директоры Серік Әлібековтың қатысуымен брифинг өтті.
Баяндамашының айтуынша, биыл «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында өңірімізде 55 179 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланыпты. Бүгінге дейін 20 199 азамат әртүрлі шараларға жолданып, жылдық жоспар 36,9 пайызға орындалған. Оның ішінде 5 870 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар «Еурохим», «Talas Investment Company», «Қазпромтемір», «KORCEM», «ҚазСода» сияқты ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру бағытымен жалпы 442 жұмыс беруші мекемелермен меморандумдар жасалған.
Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту екені белгілі. Бұл бағытта мүгедектігі бар жандарды және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация есебіндегі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында мекеме тарапынан 2025 жылы 101 адамды жұмыспен қамту көзделіп, 28 адам жұмыспен тартылған. Сонымен қатар қоғамның тағы маңызды топтарының бірі жастарды жұмысқа тарту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл 20 903 жасты жұмыспен қамту жоспарланып, 5 761 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.
Аян ШАДЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 3-курс студенті