Боксшылар құрметке бөленді
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов республикалық және халықаралық додаларда топ жарған өңір спортшыларымен және олардың бапкерлерімен кездесті. Жиында бокстан жасөспірімдер, жастар және U22 жас санатында өткен Азия чемпионаттарының, Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындарының және халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ олардың жеке бапкерлері құрметке бөленді.
Облыстық бокс федерациясының президенті Серік Жақсылықұлы мен вице-президент Әділхан Қайратұлы үздік боксшылар мен бапкерлерге қаржылай сертификаттар табыстап, алдағы уақытта да спортшыларға тұрақты тұрде қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Серік Сәлемов атап өткендей, 19-30 сәуір аралығында Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғаған 6 жамбылдық спортшы керемет нәтиже көрсетті. 64 келіде Мейіржан Шәді қола жүлдеге ие болса, 80 келіде Мұхамедәлі Рүстембек Азия чемпионы атанды. Бұрымды боксшылар арасында Дильяра Тұрсынбек чемпион атанып, Айдана Әбдікерім мен Эльнура Қоңырат қола жүлдемен оралды.
Ал Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар мен U22 санатындағы Азия чемпионатында да өңір намысын қорғаған үш спортшы – Виктория Байдукова, Жібек Жарасқызы және Досымжан Таңатар алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты.
Сондай-ақ, 21-26 сәуір күндері Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындарында жамбылдық боксшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ерлер құрамасы 1 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен төртінші орынға тұрақтаса, қыздар құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен ел бойынша екінші орынды иеленді.
Сондай-ақ Германияның Нюрнберг қаласында өткен халықаралық турнирде Жүніс Мейіржан алтын медаль жеңіп алып, елімізге қуаныш сыйлады.
Кездесу барысында Азия чемпионаттары мен жастар ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың жеке бапкерлері арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, жиында жуырда тағайындалған облыстық бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Әмірхановқа ресми куәлік табыс етілді.
Кездесуде сөз алған бокстан Жамбыл облысының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ғани Жайлауов алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Азия чемпионы Виктория Байдукова мен Досымжан Таңатар ризашылықтарын білдіріп, алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтауға бар күштерін салатындарын айтты.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті.