Жамбыл облысындағы Қаракөл қайта толды
Соңғы 10 жылда алғаш рет Су ресурстары және ирригация министрлігі Талас өзенінің төменгі ағысындағы Қаракөл көлін толтырды, деп хабарлайды arainfo.kz
Судың дұрыс әрі тиімді бөлінуінің нәтижесінде Талас өзеніндегі «Ойық» гидроторабы арқылы экологиялық мақсатта су жіберіліп, Жамбыл облысындағы Қаракөл және Сұлукөл көлдері толтырылды. Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды.
Бұл жұмыс суару маусымы басталмай тұрып, жергілікті экожүйені қалпына келтіру мақсатында жүзеге асырылды. Бастапқыда «Ойық» гидроторабы арқылы 120 млн текше метр су жіберу жоспарланған еді. Алайда сәуір айының ортасына қарай бұл көлем 315 млн текше метрге жетті.
30 мамырда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен өңірдегі «Қазсушар» филиалының мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, жіберілген судың Сарысу және Талас аудандарына толық жеткеніне көз жеткізді.
Жергілікті тұрғындар ұзақ жылдан кейінгі бұл оң өзгеріске ризашылықтарын білдіруде.