Жаңалықтар

Алматыда Қытай Ұлттық музейі жауһарларының көрмесі өтеді

5 маусымда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Қытай өнерінің ой-мақсаттары – Қытай Ұлттық көркемөнер музейінің жауһарлары» атты көрме ашылады,деп хабарлайды arainfo.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, экспозицияға кескіндеме, графика және мүсіннің 50-ге жуық туындысы енген. Бұл еңбектерді Қытайдың ХХ-ХХI ғасырдағы белгілі суретшілері жазған, олар Сиэйи өнерінің дәстүрін жалғап келеді. Шеберлер өздерінің шығармашылығында стиль, техника және материалдардың ерекшеліктері арқылы тек сыртқы бейнені ғана емес, сонымен қатар оның ішкі рухани мәнін де ашады.

2018 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі Жібек жолы музейлері мен галереялары Халықаралық альянсының құрамына кірді. Кәсіби өнер ұйымдарын біріктіру бастамасы Қытай Ұлттық музейіне тиесілі және қатысушы елдер арасында мәдени ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасуға бағытталған.

«Қытай өнерінің ой-мақсаттары – Қытай Ұлттық көркемөнер музейінің жауһарлары» көрме жобасы – ұлттық өнерді насихаттауға арналған маңызды мәдени алмасу бағдарламаларының бір бөлігі. Бейжіңдегі жетекші өнер музейі ұсынған көрме қытай өнерінің жауһарымен танысуға тамаша мүмкіндік береді.