2050 жылға қарай Қазақстандағы әр бесінші тұрғын 60 жастан асады
2050 жылға қарай Қазақстанда халық саны 26 миллионнан асады және орта есеппен әрбір бесінші қазақстандық 60 жастан асқан болады, деп хабарлайды arainfo.kz
2024 жыл әлем елдері үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де демографиялық бетбұрыс кезеңі ретінде есте қалды. Халықтың қартаюы мен туу деңгейінің төмендеуі – жаһандық үрдіс. Бұл туралы Дүниежүзілік экономикалық форумда ерекше атап өтілді: "Адамзат тарихында алғаш рет 65 жастан асқан адамдардың саны 5 жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті".
Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) таратқан деректерге сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтарға қарай ел халқы 20,3 миллион адамнан асты. Оның ішінде:
25 жасқа дейінгі жастар – 8,7 млн адам (42,8%),
25 пен 65 жас аралығындағы еңбекке қабілеттілер – 9,7 млн адам (48%),
65 жастан асқандар – 1,9 млн адам (9,2%).
2050 жылға болжам: халық саны 26 миллионнан асады
Болжам бойынша, 2050 жылдың соңына қарай Қазақстан халқының саны 26,3 млн адамға жетеді. Алайда бұл өсім халық құрылымындағы маңызды өзгерістермен қатар жүреді.
Өмір сүру ұзақтығы мен қартаю үдерісі
Пандемиядан кейін өмір сүру ұзақтығы қайта өсе бастады:
2021 жылы – 70,23 жас,
2024 жылы – 75,44 жас.
Бұл көрсеткіштің өсуі халықтың қартаюына алып келуде.
60 жастан асқан адамдардың үлесі 2009 жылы 9,7% болса,
2024 жылы – 13,9%,
Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіштің 19%-ға жетуі күтіледі.
Яғни, болашақта әрбір бесінші қазақстандық 60 жастан асқан болады.
Туу көрсеткіші де төмендеуде
Туу жиынтық коэффициенті (ТЖК) – бір әйелдің өмір бойында тууы мүмкін балалардың орташа саны:
2021 жылы – 3,32,
2024 жылы – 2,80.
БҰҰ деректері бұл көрсеткіштің 2050 жылға қарай 2,42-ге дейін төмендейтінін болжайды.
Бұл – әлемдік үрдіс. Туу деңгейінің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының артуы еңбек нарығына әсер етуде: еңбекке жарамды халық азайып, зейнеткерлер үлесі артып келеді. Бұл зейнетақы жүйесі мен экономикалық тұрақтылыққа үлкен қысым түсіреді.
Көші-қон сальдосы: теңгерімге ұмтылыс
БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (UNFPA) мәліметінше, 2050 жылға қарай көші-қон сальдосы 1000 адамға шаққанда 0 деңгейіне жетеді деген болжам бар. Бұл:
Қазақстанның жұмыс күшіне жоғары сұранысы,
Этникалық эмиграцияның біртіндеп азаюы,
Қазақстанның оңтүстігіндегі елдерде халық санының көбеюі секілді факторлармен байланысты.
Қорытынды: Қазақстанда демографиялық құрылым қарқынды өзгеріп келеді. Туу көрсеткішінің төмендеуі мен халықтың қартаюы елдің әлеуметтік-экономикалық саясатына, зейнетақы жүйесіне және еңбек нарығына тың көзқараспен қарауды талап етеді.