Жаңалықтар

Ішкі нарықтың жай-күйі қалай?

The final spritzer

Өңір экономикасын ілгерілетуде ішкі нарықтағы тұрақтылық пен экспорттың, бөлшек сауданың жүйелі айналымының маңызы ерекше. Облыстың ішкі нарығы тұрақты болуы үшін тауар айналымын тоқтатпау, тұтынушы сұранысын өтеумен қатар, сыртқа сапалы өнім шығару өзекті мәселе. Бұл ретте облыста атқарылып жатқан шаруа жетерлік, нәтиже де көңілге қонымды.

САУДА САЛАСЫНДА ӨСІМ БАР

Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың ішкі сауда көлемі 200,8 миллиард теңгені құрапты. Оның ішінде бөлшек сауда 124,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан екен. Көтерме сауда 76 миллиард теңге болып, 102,8 пайыз өсімді көрсеткен. Көтерме сауда бойынша Байзақ ауданында нәтиже 80,3 пайызды, Жамбыл ауданында – 47, Қордайда – 88,7, Меркіде – 23,7, Сарысуда 60,6 пайызды көрсетіп, аталған аудандарда көрсеткіштің төмендегені байқалған. Сыртқы сауда айналымы былтырғы қаңтар-желтоқсанда 829,9 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артқан. Оның ішінде экспорт 343,3 миллион АҚШ долларын құрап, 83,5 пайызға өскен. Ал импорт керісінше 22,7 пайызға азайып, 486,6 миллион АҚШ доллары болған.

Есепті кезеңде экспорт көлемінің артуы пияз экспортының 76,7 пайызға, қой етінің – 21,3, мақсары майының – 50,1, барий сульфатының – 79,1, фосфордың – 100, портландцементтің – 6,9, бейорганикалық химия өнімдерінің 61,8 пайызға орындалуынан болған. Облыс бойынша 2025 жылғы қаңтар-сәуір айларында ішкі сауда көлемі 270,3 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде бөлшек сауда 161,5 миллиард теңге болып, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызға артқан. Көтерме сауда 108,1 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103,5 пайыз деңгейіне жеткен.

Тегінде ішкі сауда нарығы халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін сала болғандықтан облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендер желісі іске қосылған болатын. Ірі сауда желілерінде де әлеуметтік сөрелер ашылып, облыс орталығында әлеуметтік базар іске қосылып, апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылып келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды.

Мұндағы негізгі мақсат – азық-түлік бағасын шарықтатпай, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамту. Алайда бұл жүйенің тиімділігіне халықтың көзін жеткізу үшін облыста қандай шаруалар атқарылуда? Біз осы сұрақты облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Жорабековаға қойған едік.