Жаңалықтар

Талпынған жетер мұратқа

Бүгінгі білім беру жүйесі тек оқулықпен шектелмей, өмірлік дағдылар мен жауапкершілікке баулитын жаңа форматқа көшуде. Осы тұрғыда жас ұрпақтың экологияға деген көзқарасын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.

Осы өзекті мәселеге нақты шешім ұсынған жоба – Тараз қаласындағы №66 орта мектептің оқушысы Айша Абдықұл мен жетекшісі Айнұр Байорзованың бірлесіп жасаған «Менің болашақ мектебімнің келбеті» атты ғылыми-тәжірибелік жұмысы.

Бұл жоба тек мектеп ғимаратының сыртқы келбетін емес, оның экологиялық, технологиялық және тәрбиелік мүмкіндіктерін де үйлестіре отырып, болашақтағы заманауи әрі жауапты білім ордасының үлгісін ұсынады.

Жобаның негізінде мектептің макеті жасалып, оған күн энергиясы, жылыжай, телескоп, жерасты субұрқағы мен қоқысты сұрыптау жүйесі енгізілді. Осылайша, оқушы жұмысы өзектілігімен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді.

Табиғатпен үйлесімділік және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жерасты су жүйесі арқылы субұрқақ орнатылған. Бұл мектеп ауласының сәнін арттырып, балаларға экология туралы практикалық түсінік беруге мүмкіндік туғызды.

Сонымен қатар мектепте қоқысты сұрыптап жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылыпты. Қазіргі таңда балалар қоқыстарды түріне қарай сұрыптауға дағдыланып келеді. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы қадамы ретінде бағаланып отыр.

«Менің болашақ мектебімнің келбеті» жобасы – жай ғана макет немесе байқауға арналған жұмыс емес, қоғамға экологиялық мәдениет пен технологиялық ойлауды ұсынатын жас буынның үндеуі. Мұндай жобалар арқылы балалар жауапкершілік, жаңашылдық және шығармашылық ұғымдарын ерте жастан бойына сіңіреді.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ