Тараздан шыққан талант
«Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп Ыбырай Алтынсарин жырлаған арман бүгінде ақиқатқа айналды. Ғылым мен технология дәуірінде қазақ жастары да озық елдермен иық тірестіріп, өз білімін әлемдік деңгейде дәлелдеп жүр. Бұл қатарда өңіріміздің мақтанышы, болашағынан зор үміт күттіретін дарынды инженер, қазіргі сәтте Түркия елінде білім алып жүрген Анелия Әбдімәліктің есімін ерекше атауға болады.
Анелия мектепте оқып жүрген кезінде-ақ есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған мобильді қосымша жасап шығарған. Сондай-ақ халықаралық «Women's Park» бағдарламасының жеңімпазы атанған. Бұл бағдарлама Анелияға Түркияда білім алу, Стэнфорд университетінде ғылыми зерттеу жүргізу және «USAID» ұйымында тағылымдамадан өту секілді көптеген мүмкіндіктерге жол ашты.
Анелия Айдосқызы 1-сыныптан 6-сыныпқа дейін мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте оқыса, 6-сыныптан кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданады. Осы білім ордасында жүріп робототехника үйірмесіне қатысып, физиканы тереңдете меңгереді. Сонымен қатар көптеген халықаралық жобаларға қатысуға мүмкіндік алады. Солардың бірі – «Technovation Girls». Қыздарға арналған бағдарлама әлеуметтік мәселелерді технология көмегімен шешуге бағытталған. Анелия осы байқауға қатысып, есту-сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған мобильді қосымша жасау идеясын ұсынған. Бұл ой оған ести де, сөйлей де алмайтын көрші қызбен түсінісуде қиындықтарға тап болғандықтан пайда болған. Сол кезде кейіпкеріміз әлеуметтік мәселелерді технологиялар арқылы шешу жолын табуға білек сыбана кіріседі.
«Technovation Girls» халықаралық байқауына Анелия үш қыздан құралған команданың мүшесі ретінде қатысады. Ол кезде екі құрбысы 10-сыныпта, ал Анелияның өзі 9-сыныпта оқитын. Жоғары сыныпта оқитын екі қыз бағдарламалау тілін жақсы білетіндіктен қосымшаның техникалық жұмыстарын жасайды. Ал жобаға идея тауып, оны қалай жүзеге асыруға болатынын ойластыру ісі Анелияның міндетіне кіреді.
Кейіпкеріміз бастауыш сыныпта оқып жүргенде АҚШ-та білім алуды армандаса, орта сыныпқа көшкенде Лондонда өмір сүргісі келетінін түсінеді. 10-сыныпта Анелияның арманы жартылай орындалып, британдық мектептердің бірінен жеке грант жеңіп алып, Лондонда оқуға мүмкіндік алады. Англияда бір жарым ай білім алып, кейін Қазақстанға оралып, мектебін аяқтайды.
Өміріне оң өзгеріс алып келген тәжірибеден кейін білімді арудың шетелде оқуға деген құштарлығы артса түседі. Мектебін тәмамдаған соң АҚШ-тың университеттеріне өтінімдер жолдады. Алайда жауаптардың көбі теріс немесе толық грантсыз болғандықтан, басқа елдерге назар аудара бастады. Бастапқыда Түркияға оқуға түсу оның жоспарында болмаған. Ол Санкт-Петербург мемлекеттік университетінен шақырту алып, тіпті билет те сатып алып қойған еді. Түркияның университеттеріне өз мүмкіндігін бағалау үшін ғана құжаттарын тапсырып көреді. Нәтижесінде Анелия «Koç, TED» және «METU» (Middle East Technical University) университеттеріне өтінім жіберіп, екі оқу орнынан да шақырту алады. Саралай келе, инженерлік саласы бойынша жоғары беделге ие «METU»-ды таңдайды. Қазір Анелия осы университеттің компьютерлік инженерия факультетінде білім алып жатыр. Сақтық үшін Назарбаев университетіне де құжат тапсырып, сол жылы ең алғашқы шақырту алған талапкер атанды. Бірақ шетелде оқуға деген мақсаты басым болғандықтан, бұл ұсыныстан бас тартты.
Біздің кейіпкеріміздің алғашқы кәсіби қадамдары екінші курсында басталғанымен, алғашқы нақты жұмыс тәжірибесі – оқушы күнінде жасап шығарған Control-20 стартапы. Бұл жобаны Анелия 11-сыныптың соңында іске қосып, 12-сыныпты аяқтағанға дейін жалғастырады. Стартап Анелия мектепті бітіргеннен кейін де бір жылдан аса уақыт бойы пайдаға асып тұрды.
Жоба COVID-19 пандемиясы кезеңінде іске қосылды. Сол уақытта Анелия мен сыныптасы дәрігерлердің, оқушылар мен мұғалімдердің науқастармен байланыс кезінде жиі инфекция жұқтыратынын байқаған еді. Осы мәселені шешу үшін температура, сатурация, жүрек соғысы секілді денсаулық көрсеткіштерін қашықтан, сымсыз бақылауға мүмкіндік беретін «Apple Watch» сияқты ақылды білезік жасап шығарды. Бұл идеямен Анеля жетекшісі екеуі облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына жүгініп, олар жобаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс әкімі 1 миллион теңге көлемінде сертификат сыйға тартты. Бұл қаражатқа олар 32 құрылғы құрастырып, пилоттық жоба ретінде Тараз қалалық ауруханасына пайдалануға берді. Компоненттерді әртүрлі елдерден тапсырыс беріп, шамамен бір жыл бойы жұмыс істегеннен кейін шілде айында құрылғы ауруханаға енгізілді.
Мектепті бітірген соң Анелияға физика пәнінің мұғалімі хабарласып, патентке өтінім беріп, жобаны ары қарай дамыту туралы ұсыныс айтады. Алайда, өзі шетелде жүргендіктен Анелия бұл ұсыныстан бас тартты.
Түркияда білім ала жүріп Анелия «Hired Valley» атты қазақстандық стартап құрамында еңбек етеді. Бұл жоба кейінірек Кремний алқабына көшті. Алғашында Анелия осы жобада қоғаммен байланыс менеджері болып жұмыс істеді. Уақыт өте келе, өзінің қабілеттерін басқа салаларда да көрсетіп, компанияның құрылтайшысы деңгейіне дейін көтерілді. Аталмыш стартаптағы тәжірибесінен кейін Кремний алқабына жол ашылып, Анелия Сан-Францискода инвестиция тарту бойынша іссапарға шақырылады. Бірақ виза алғаннан кейін, ол стартаптан кетуге шешім қабылдайды.
Анелияға тәжірибесін толықтыра түсуге мүмкіндік берген тағы бір жетістігі – «Women's Park» бағдарламасына қатысуы. Бұл бағдарламаға USAID-тің Қазақстандағы кеңсесі арқылы түскен Анелия менторлар мен басқа қатысушыларды жақсы танығандықтан, сұхбат жерлесімізге қиындық тудырмады. Осы тағылымдамадан өтіп және «Hired Valley» компаниясынан кеткеннен кейін Анелия өзіне қажетті тәжірибені жинап, жеке жобасын бастауға шешім қабылдады. Осылайша өзінің жеке «CareerFly» стартапы құрылды. Бұл жоба мансаптық кеңес беру және қосымша білім беру саласына бағытталған.
Лондонға жсапары барысында жерлесіміз «Eurasian Startup Hub» ұйымымен байланыс орнатып, Орталық Азияның орыс тілді студенттеріне арналған халықаралық тағылымдамаларды табу, мансабын жоспарлау және ірі корпорацияларға өтінім жасау бойынша практикалық сабақ ұйымдастырды. Анелияның спикер болуымен мұндай дәріс «University College London» университетінде де өткізілді.
Анелияның ендігі арманы – «Unicorn» жобасын, яғни құны 1 миллиард доллардан асатын стартап деңгейіне жеткізу. Ол үшін сенімді бизнес-модель, кәсіби команда және әртараптандырылған инвесторлар қажет. Дегенмен капитал тартпас бұрын немесе стартапты толық не жартылай сату туралы шешім қабылдамас бұрын, ол командасы нарыққа қажетті, тұрақты әрі құнды өнім жасап шығарғанына толық сенімді болғысы келеді. Қазіргі таңда Анелия «CareerFly» стартапымен әйел кәсіпкерлерге арналған халықаралық деңгейдегі қолдау көрсететін «UN Women Expo» бағдарламасына қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Жерлесіміздің жобасы алғашқы үш кезеңнен де сәтті өтті. Тарқатып айтқанда, қазан айында бағдарламаға қатысуға шақырту алып, «Bootcamp» кезеңін табысты аяқтады. Сол секілді стартап-кәсіпкерлерге инновациялық жобаларын көпшілікке және әлеуетті инвесторларға таныстырудың бірден-бір мүмкіндігі «Demo Day»-де «CareerFly» қызметін сәтті таныстырып, Қазақстан атынан үздік 5 әйел кәсіпкердің қатарына енді.
Қазір Анелия өз жобасын байқаудың финалдық таныстырылымына дайындап жатыр. Егер осы кезеңнен сәтті өтсе, маусым айында Копенгагенде өтетін халықаралық финалға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Онда әр елден екі әйел кәсіпкер таңдалып, өз стартаптарын инвесторлар алдында таныстырады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ