Алып анадан туады
Қандай да бір аласапыран кезеңде, қуаныш пен қайғыда немесе қиындықта адамның ернінің ұшына есімі ең бірінші оралатын бір адам бар. Ол – ана! Нендей қуаныш, шаттыққа кенеліп, абыройың асқақтап, қандай қолжетпес биік мансап, марапатқа ие болсаң да алдыңда кішірейіп тұратын бір адамың бар. Ол да анаң! Қаншалықты қуатты, күшті болса да анасының алдында әрбір адам әлсіз.
Тар құрсағын кеңітіп, алпыс екі тамырын идіріп, иіліп бесік таянып, тәтті ұйқысынан бір түнде мың оянған аяулы жанның құрсағынан небір батыр, небір дарын иелері, айтулы ақын мен абырой-атағы асқақтаған алыптар шыққан. Сондықтан олардың жұдырықтай жүрегі барша мейірім атаулының мекеніне айналған. Аналардың «айналайынына» Алатау, алақанына Қаратау сиып кетердей-ақ кеңдігі мен құдіреті бар.
Биік-биік белесті бағындырып, асқаралы шыңның жүзіне шыға қалсаң, сол аяулы жанның арқасы екенін біліп тұрасың. Сондықтан «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген сөз бар халық даналығында. Бұл сөз кез келген пенденің, перзенттің анаға деген көрсетер құрметінің ұшы-қиыры жоқ екенін меңзейді.
Осы орайда шаршы топта шашасына шаң жұқтырмай, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың аналарымен тілдескен едік. Спортшының анасы болу – асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты, оған қоса айрықша еңбекті талап етеді. Сондай-ақ кез келген спортшының ең бірінші жанкүйері, ең жақын досы, адал тәлімгері және ең қымбат адамы да анасы болып қала бермек.
Алдымен спортта жоғары жетістіктерге жетіп, ата-анасының ғана емес, шет мемлекеттердің алдында Қазақстанның, оның ішінде облысымыздың атақ-даңқын көкке өрлеткен спортшы Олжас Сәттібаевтың анасы Әмина Сәттібаеваны әңгімеге тарттық.
Ана жүрек баласына жолданған әрбір сөз, іс-қимылды жүрегімен қабылдайды. Уайымдайды. Бәрін сабыр жеңетініне көзі жетеді. Сондықтан Олжастың анасы ұлына сабырлы болуды үйретіп, ақ жүрегімен Алладан үнемі сабыр сұрап жүреді.
Жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген спорт алаңында әсіресе Олжас ұтылған сәтте анасының көкірегі қарс айырылатын. Өзі үшін емес, әрине, ұлы үшін. Сондағысы «спорттан көңілі қалмаса екен» деп ойлағаннан. Небір қиындықты басынан өткізген сәттерде «қолын бір сілтеп кетіп қалмаса екен» деп тілейтін.
Аналар туралы қанша айтсаң да аздық етер. Жуырда ғана Иорданияның Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған 16 жасар Диляра Тұрсынбек бокстан Қазақстанның абыройын асқақтатып, алтын жүлдеге ие болды. Жас спортшының бұл жетістігі өзінің табандылығы мен ерік-жігерінің нәтижесі болғанымен, оның тынымсыз еңбегінің ар жағында тағы да аяулы ананың аялы алақаны тұрғаны анық.
Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы Тұрсынбек әулеті 8 бала тәрбиелеп өсірген. Сол үлгілі отбасындағы қара шаңырақтың қазанын оттан түсірмеген Бақыт Сағынбекова өз отбасын айрандай ұйытып, тіршілігін тіктеп, үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кенже келіні. Таңалакеуімде сиыр сауып, өріске айдап, қора-қопсыны тазалап, нан ашытып, оны табаға көміп, су тасып, күбі пісіп, май шайқаған тынымсыз тірлігі еленіп-ақ келеді.
Алайда аяулы ана өз перзентінің жеткен жетістігі өміріндегі мәртебесі биік һәм ең ұлы абырой екенін сезінгенін айтады. Үнемі «боксшы қызым қатты соққы алып қалмаса екен» деп тілеуін тілеп отырады. «Қарсыласыңды сыйла. Сен оған жау емессің» деп ескертуді әдетке айналдырған. Жұдырығы жуан болғанымен, жүрегі нәзік қызының болашақ жар, аяулы ана болуға тиіс екендігін ұмытпайды. Ана атану жолында да бағындырар белестің көптігін жиі айтып, әр турнирден келген сайын ас үйде қыз балаға тән жұмыс игеруін талап етіп, шыңдай түсуге атсалысады.
Ана көңіл алғашқы жылдары шынашақтай қыз шаршы алаңға шыға сала, оның қарсыласымен күш сынасқан сәтін көруге шамасы келмегенін жасырмады. Басында екі-үш рет отағасы Құрманғалиға «Қыз бала ғой. Бәлкім боксты қоя салу керек шығар. Соққы алады ғой, ауыр болар» деп өтінгені бар. Алайда қызының болашағынан бапкерлері үміт күткен соң, шыдамдылық танытып, қызының спорттағы жолына кедергі келтірмеу мақсатында үнсіз қалуды ұйғарады.
Қызы шаршы алаңға шыққаннан анасы кенжетайының жұдырықтасу сәтін теледидардан көруге дәті бармайды. Үй айналып, тыста тақым қысып, ары мен жанын бауыр еті баласының жолына садаға етіп, дұға оқи бастайды. Мазасыздық пен уайымнан тынысы тарылып, шын тілеулес болып, сайыстың соңына дейін әзер шыдайды.
Бүгінде Диляра Құрманғалиқызының бапкерлері Берік Қойтаев пен Асан Сейдалиевке анасы алғысы шексіз екенін білдірді. Бала жүректің жылт еткен жарығынан үлкен үміт күтіп, соны шыңдап, қамқорлық танытқаны үшін аналық жүрегімен дән риза екендігін жеткізді.
Иә, расымен солай. Бір жолы майданнан аман-сау қайтқан бір сарбаз: «Ананың иісінен артық жұпар, ананың махаббатынан ұлы дүние көрмедім. Ауызға ең бірінші оралатын қасиетті адам, қастерлі сөз де сол ана. Іңгәлап дүние есігін ашқаннан, соңғы демі біткенше адам баласы анасын ойлайды.
Майдан даласында талай боздақтың жантәсілім еткенін өз көзіммен көрдім. Сонда олар ажалдың ауыздығымен арпаласып жатып та, ең соңғы демімен бірге, анасын еске алып, «Мама» деп күбірлеп барып, ақтық сапарға аттанып кете баратын. Қандай батыр, қандай алып болмасын ананың құрсағынан шығып, аялы алақанынан жылу алған соң, анаға қарыздар болып, сол асыл адамнан алған мейірімді ешқашан ұмыта алмайды. Әрбір жеңіс аналардың құрметі үшін!» деген екен.
Баласының бақытын бәрінен биік қоятын аналар аман болсыншы!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ