Салық жүйесі – мемлекеттік жүйенің негізгі тірегі
Елімізде ауқымды салық реформасы басталды. Оның аясында салық жүйесін ретке келтіріп, «көлеңкелі» экономиканың көрігін қыздырып жүргендердің ақшасын заңды айналымға қосу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осы мәселеге маңыз беріп, «салық жүйесі – мемлекеттік жүйенің негізгі тірегі» деп мәлімдеді. Егер бюджетте қаржы жетіспесе, мемлекет өз міндеттерін толық орындай алмай, әлеуметтік төлемдер уақытылы жасалмай, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төнеді.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРҒА ЖҰМСАЛАДЫ
Мемлекет басшысы халықтың салық реформасының өзекті екенін айтып, маңызына баса назар аударды. Айтуынша, экономикалық, қаржылық мәселелерді барлығы бірдей жетік білмейді, сондықтан Үкімет реформаның мәнін халыққа түсінікті тілде жеткізуге тиіс. Қандай өзгерістер енгізілетінін, олардың қандай нәтиже беретінін егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды.
Бүгінде ел бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаларға жұмсалады. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік жәрдемақыларды қамтиды. Мемлекет басшысы мұндай шығындарды азайтуды көздемейтінін айтты, бірақ көмек тек шын мұқтаж жандарға берілуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет тиімсіз және басымдыққа ие емес жобаларға бөлінетін қаржыны қысқартуы керек. Сонымен қатар заңсыз жәрдемақы алудың алдын алу шаралары күшейтіледі.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылы мемлекеттік шығыстардың негізгі бөлігі – 37 пайызы әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 44,7 пайызға дейін өсуі мүмкін. Яғни халықты қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт пен туризмге бөлінетін қаражат артады. Ал экономиканың нақты секторына – инфрақұрылымдық жобаларға, республикалық жолдар мен бөгеттер құрылысына, жоғары қосылған құн беретін өндірістерге және жаңа жұмыс орындарын құруға небәрі 8-9 пайыз ғана қарастырылған. Бұл – дамушы ел үшін тым аз көрсеткіш. Дамыған елдерде мемлекет – экономиканың басты инвесторының бірі. Мысалы, шетелде бюджеттен нақты секторға бөлінетін қаражат көлемі орта есеппен 25 пайызды құрайды.
ДЕФОЛТТЫҢ ДЕМІ СЕЗІЛСЕ...
Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қорға 520,2 миллиард теңге түссе, алынған қаражат көлемі 1 триллион теңгеден асып кеткен. Шығын кірістен 2 есе көп деген сөз. Ұлттық қорға түсетін негізгі табыс мұнай-газ секторынан келеді. Бірақ биылғы екі айда бұл түсім небәрі 226,9 миллиард теңгені ғана құрады. Ал мұнай секторындағы кәсіпорындар төлеген салықтар 519,7 миллиард теңгеге жеткен. Салықтардың жартысы ғана Ұлттық қорға түскен деген сөз. Яғни мұнайдан түскен кіріс Ұлттық қорды толтыруға жеткіліксіз болып отыр.
Мұндай қаржы теңгерімсіздігі ұзақ уақыт бойы сақталса, бюджет тапшылығының ұлғаюына және Ұлттық қордағы резервтердің таусылуына әкелуі мүмкін. Сөйтіп, дефолттың демі сезіле бастады. Дефолт – мемлекеттің өз қаржылық міндеттемелерін орындай алмауы. Қазір тікелей төніп тұрмаса да, бюджет шығындары өсе берсе және Ұлттық қордан қаражат алуды азайтпасақ, болашақта батпақта қалуымыз әбден ықтимал.
Сарапшы Элдар Шамсутдинов Президенттің сөзін қолдайды. Оның айтуынша, бюджетті қайта құрылымдауды барынша тездету қажет.
ҰЛТТЫҚ ҚОР – УАҚЫТША ДӘРІ
Қазіргі бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 2,7 пайызын құрайды, мемлекеттік қарыз – 22,8 пайыз. Бұл әзірге шекті мөлшерден аспайды. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, егер қаржы жүйесі дұрыс реттелмесе, бес жылдан кейін елдің әлеуметтік, экономикалық тұрақтылығына қауіп төнеді.
100 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫҢ ЖОЛЫ ҰЗАҚ
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің болжамынша, 2025 жылы мемлекет Ұлттық қордан 5,6 триллион теңге емес, 7-8 триллион теңге көлемінде қаражат алуы мүмкін.
Елігімай ТӨҢКЕР,
журналист