«Қарызсыз қоғам» қиындықтан құтқара ма?
«Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздегі қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды қолдау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында қолға алынған. «AMANAT» партиясы мен «Halyk Bank»-тің бірлескен жобасы биыл облысымызда үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.
Қаржылық қиындықтардан көз ашпай, қарызын қарызбен жауып, несиесін өтеуге шамасы жетпей жүрген азаматтар үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы – үлкен мүмкіндік әрі қолдау. Жарқын жоба – «AMANAT» партиясының бастамасы әрі негізгі басым бағыттарының бірі. Осыған орай партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жобаға қатысты кеңірек тоқталып, оның көздеген мақсаты мен міндеттерін жан-жақты түсіндіріп берді.
Ал жобаның негізгі бағыты мен жұмысымен кеңірек танысу мақсатында облыс бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы, сарапшы Айман Ақынбековамен тілдескен едік.
Қаржылық сауаттылық курстары барысында тыңдаушылар тек жалпы теориямен шектеліп қалмай, нақты жағдайларға негізделген практикалық кеңестер алады. Маманның айтуынша, оқыту кезінде «Қай несиені бірінші жабу керек?», «Қай несие ең қымбат?», «Қай несиеден құтылған жөн?» деген сияқты өзекті сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, әр азаматтың қаржылық ахуалына жеке анализ жасалады. Осы талдау нәтижесінде «Қарыз картасы» құрылады. Бұл карта арқылы әрбір қатысушының қарыздық жағдайы анықталып, тығырықтан шығу жолдары ұсынылады. Мәселен, микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болғандықтан, ондай мекемелерден несие алған азаматтар, сол қарызын екі есе артық төлеуге мәжбүр болады. Бұл қаржылық ауыртпалықтың басты себептерінің бірі. Әсіресе бірнеше микроқаржы ұйымына және екінші деңгейлі банктерге берешегі бар азаматтардың төлем қабілеті төмендеп, жағдайлары банкроттық талаптарына сай келетін болса, онда олар бірден банкроттық рәсіміне жіберіледі. Ал тұрақты табысы бар, берешек көлемі тым ауыр емес азаматтар үшін арнайы төлем кестесі құрастырылады. Бұл график олардың табысына қарай ыңғайланып жасалып, қаржылық тұрақтылыққа оралуына көмектеседі.
Жемісті жоба облыс тұрғындарының да көңілінен шығып, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табу керектігін жеткізуде.
Жобаға биыл бірқатар жаңашылдық енгізілген. Яғни, қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан бастап оқыту жоспарланған. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралдары әзірленген. Айта кетейік, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кабинетін ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады.
Биыл еліміз бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 150 мыңға жуық адамды қаржылық сауаттылығын арттыру курсынан өткізу жоспарланып отыр.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ