Өңірдің экономика саласында өсім бар
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста 899 кәсіпорын жұмыс істеп тұр екен. Оның 18-і ірі кәсіпорын болса, 25-і орта, 856-сы шағын кәсіпкерлік нысан. Осы арқылы өңірде 44,8 мың адам жұмыспен қамтылыпты.
Қазіргі таңда облыстың бірқатар кәсіпорындары өз өнімдерін сыртқы нарыққа жөнелтуде. Тарқата айтсақ, металлургия саласында «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электродтық массаны Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттап жатыр екен. Тамақ өндірісі саласында «Сауле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС Тәжікстан мен Грузия және Қырғызстанға кондитерлік өнімдерін, «Мерке ет» ЖШС Иран, Бахрейнге ет, «Берсанукаев» ЖШС Ресейге шұжық өнімдерін, «Бурненская молочная компания» ЖШС Ресейге ірімшік өнімдерін шығаруда. Химия өндірісі саласында «Talas Investment Company» ЖШС Тәжікстанға натрий цианидін экспорттауда. Құрылыс индустриясы саласында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС Қырғызстанға цемент, «Ақтас» ЖШС Қырғыз Республикасына әктас өнімдерін жөнелтуде.
Облысымыздағы «Үлкен-Бурултау» гипс кен орны республика бойынша ең ірі кәсіпорын саналатыны белгілі. Бұл Қазақстандағы барланған гипс қоры бойынша ең бай кен орны. Спикердің айтуынша, оның қоры 50 миллион тоннадан асатын көрінеді. Сондай-ақ өңірде «Жамбылгипс» АҚ, «Alina Group» ЖШС және басқа да гипс және гипстен жасалған бұйымдар өндіретін бірқатар ірі кәсіпорындар бар. Осы секілді өндіріс орындарының өңір экономикасына қосып жатқан үлесі зор.