«Жалғызқара» романы оқырманға жол тартты
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен жазушы, журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлының «Жалғызқара» романының тұсаукесері өтті.
Кездесудің негізгі арқауы – жазушының Кемел Тоқаев туралы жазған «Жалғызқара» атты ғұмырнамалық-танымдық романы. Қаламгер өз шығармасында Кемел Тоқаев өмірінің ашаршылық нәубетіне тап келген балалық шағы мен елге танымал жазушы болып, жапырақ жайған жасындағы басынан кешкен тауқыметі мол тағдырын домбыраның қос ішегіндей қайта шерте отырып, басты кейіпкерінің азаматтық ұстанымдарын суреткерлік көркем тәсілдермен шебер жеткізе білген.
Әртүрлі тақырыпты ойланып, ойға алып көрдім. Ешқайсысы ұнай қоймады. Құдды бір мақаланың тақырыбы сияқты болып кете берді. Сөйтіп жүргенде бір күні осы тақырып ойыма келді. Бірден тоқтадым. Бір жағынан әдеби сөз. Әдеби болғанның өзінде күнде қолданып жүрген жаттанды сөз емес. Одан кейін Кемел Тоқаевтың ашаршылық кезінде бір әулеттен жалғыз қалғаны туралы романнан оқысаңыздар түсінесіздер, – деп жазушы кітапты неліктен «Жалғызқара» атағанын түсіндірді.
Кездесуге әдебиеттанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері де қатысып, роман туралы пікір білдірді. Меркіден келген ақын Шырын Мамасерікова авторға арналған жүрекжарды жырларын тарту етсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ шығармаға шолу жасады.
Сонымен қатар жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыны құттықтау хаты оқылды. Мұнан кейін автордың кітабы сандықтан шығарылып, қалың оқырманға тарту етіліп, тұсауы кесілді.