Тоқаев ТМҰ-ға мүше елдердің орталық банктері өкілдерінің кеңесіне қатысты
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Орталық (ұлттық) банктері кеңесінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Жиынды ашқан Президент жуырда Мажарстанда өткен бейресми саммитте Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын растағанын атап өтті. Тариф саясатының өзгеруінен туындаған жаһандық экономиканың трансформациясы жағдайында мұның мәні арта түсті. Президенттің айтуынша, қазіргі кездегі күрделі өзгерістер қиындықтармен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру мен қаржы сияқты негізгі салаларда күш-жігерді үйлестіру қажет.
Мемлекет басшысы қаржы секторындағы ынтымақтастықты кеңейту барысында орталық банктер негізгі рөл атқарып, экономикалық және инвестициялық серіктестіктің қозғаушы күшіне айнала алады деп санайды.
Кеңес соңында Қасым-Жомарт Тоқаев орталық банктер арасындағы кәсіби диалогтың кеңеюі түркі елдерінің экономикалық әлеуетін іске асыру үшін берік негіз қалайтынына сенім білдірді.
Жиында Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Әзербайжан Орталық банкінің төрағасы Талех Тахир оглы Кязимов, Қырғызстан Ұлттық банкінің төрағасы Мелис Тургунбаев, Түркия Орталық банкінің төрағасы Фатих Карахан, Өзбекстан Орталық банкінің төрағасы Тимур Ишметов, Мажарстан Орталық банкінің атқарушы директоры Габор Соч және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.