Жаңалықтар

Жамбыл облысында заңсыз балық аулау дерегі анықталды

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері балық шаруашылығы инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз балық аулау дерегін анықтады, деп хабарлайды arainfo.kz

Ер адамның Мойынқұм ауданы маңындағы көлдердің бірінде ескекті қайықпен жалпы салмағы 45 келіден асатын балықты заңсыз аулап үлгергені анықталды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті уылдырық шашу кезеңінде балық аулаудың су жәндіктерінің популяциясына айтарлықтай зиян келтіретінін ескертеді. Осыған орай, азаматтарды қолданыстағы заңнамаларды қатаң сақтауға, сондай-ақ флора мен фаунаға, жалпы экологияға зиян келтірмеуге шақырады.

Еске салайық, ағымдағы жылғы 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында Жамбыл облысы аумағында табиғатты қорғауға бағытталған «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.