Руханият

Әуезов театры Әулиеатада

Келесі жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл айтулы оқиға – күллі қазақ руханияты үшін маңызды белес. Мерейтойға орай, театр ұжымы Қазақстан өңірлерін аралап, ұлттық және әлемдік драматургияның үздік шығармаларын сахналап жүр.

Жақында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шығармашылық труппасы Тараз қаласына ат басын бұрды. Гастрольдік сапар аясында іргелі өнер ұжымы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ғасыр белесі алдындағы өнер сапары: Ұлттық театр Таразда» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.

Брифингке театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары, қоюшы режиссер Елік Нұрсұлтан, сондай-ақ театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова қатысты.

Жиында алғаш сөз алған жерлесіміз Асанәлі Әшімов туған жерге деген сағынышын тебірене жеткізді.

Театр директоры Еркін Жуасбек өз сөзінде: «Бүгінде театрымыздың ғимараты 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Театр жөнделіп жатқандықтан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша еліміздің барлық облыстарына гастрольдік сапармен шығып жүрміз. Бұл – репертуарды кең көлемде таныстыруға бағытталған жұмыс. Әуезов театры – бүкіл қазақ халқына ортақ. Соңғы бір жылдың ішінде театр ұжымы Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Түркістан облыстарында, Жезқазған, Шымкент қалаларында болып, өнер көрсетті. Бағдарламаның тоқсан пайызын орындап болдық. Алда – Атырау мен Ақтау сапары бар. Бір айта кетерлігі, театр репетуарын қайталап жүрген жоқ, яғни, Шымкентте қойылған спектакль Таразда сахналанбайды, – деді.

Ал режиссер Елік Нұрсұлтан гастрольдің репертуарлық мазмұнына тоқталды. Оның айтуынша, театр бұл жолы Тараз көрерменіне тек қазақ драматургиясын ғана емес, әлемдік драматургияның үздік туындыларын да ұсынып отыр.

Актриса Шынар Асқарова спектакльдердің мазмұндық деңгейіне тоқталып, гастрольдің ерекшелігіне мән берді.

***

Ұлттық театр ұжымының жамбылдық көрерменге алғаш ұсынған қойылымы – Узеир Гаджибековтің әйгілі «Аршын мал алан» музыкалық комедиясы еді.

Қойылым басталмас бұрын сахна төріне көтерілген театр тарланы Асанәлі Әшімов, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек көрерменге жүрекжарды лебіздерін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек те өз сөзінде еліміздің рухани кеңістігінде айрықша орны бар ұлттық театр ұжымының Тараз төрінде өнер көрсетуі өңір мәдениеті үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Аршын мал алан» – Әзірбайжан тілінен аударғанда «Қол тауарларын сатушы» деген мағынаны білдіреді. 1913 жылы жазылған оперетта алғаш рет сол жылы 25 қазанда сахналаныпты. «Аршын мал алан» әлемнің 80 тіліне аударылып, 76 елдің 187 театрында қойылған екен. Музыкалық комедияның басты кейіпкері – ауқатты жас Әскер. Жасы 28 келген жігіт үйде бос отырудан зерігіп, үйленгісі келеді. Алайда арнайы салтпен емес, өз көзімен көріп, ғашық болып, адал жарына қол жеткізуді қалайды. Арманындағы жарды іздеу үшін жанындағы досы Сүлейменге қаңғыбас мата сатушы ретінде киінуге кеңес береді. Өйткені қыздар оның тауарларын қорықпай сатып алады. Көп ұзамай Әскер мақтаншақ Сұлтанбектің үйіне келіп, Гүлчехраны кезіктіреді. Сонымен махаббат хикаялары басталып кетеді.

Сұлтанбектің көздегені де үйлену еді. Арманы жесір әйел жолығып, өмірінің соңына дейін ойнап-күлу. Осы мезетте Әскер әпкесін Сұлтанбектің үйіне құда түсуге жібереді. Үйіне кіре берген уақытта Сұлтанбекті көріп, екеуі де бір-біріне ғашық болып қалады. Қол тауарын сатушы кейпінде жүрген Әскер мұны көрген соң бекке өз ұсынысын айтады. «Егер сен маған қызыңды берсең, мен әпкемді саған беремін» деп келісім жасауға үгіттейді. Алайда бек бұл ұсынысқа келіспейді. Бұл Әскерге ұнамай, досы Сүлейменді шақырып, ақыл сұрайды.

Сүлеймен Сұлтанбекке келіп, қызын өте ауқатты саудагердің баласына тұрмысқа беруге ұсыныс білдіреді. Бек келіскенімен қызы мұны құптамайды. Себебі ол қарапайым қол тауарын сатушыға ғашық болған. Дегенмен Сұлтанбек әлгі Сүлейменге қызын алып қаш деп кеңес береді. Алып қашып, ауқатты саудагердің үйіне әкелгенде қыз көңіліне қаяу түседі. Ғашықтық хикаясы мұнымен бітпейді. Сүлеймен Сұлтанбектің жиеніне ғашық болады. Ал бектің өзі ше? Ол да үйіне қызды жасырын көруге келген әлгі қарапайым тауар сатушының әпкесін ұнатып қалады. Осы жерде оқиға шиеленісе түседі.

Гүлчехра мұңға батып отырғанда жанына әлгі Әскер келіп, оқиғаны түсіндіріп береді. Ауқатты саудагердің баласы да, қарапайым қол тауарын сатушы да өзі екендігін айтып, қызды жұбатады. Мұны естіген Сұлтанбектің де көңілі жайлана түсіп, ара-қатынасты екі туыстықта жақындата түсуді қалап, Әскердің әпкесіне ұсыныс білдіреді. Сүлеймен де Сұлтанбектен жиені Әсияны сұрап, үйленуге келісімін алады. Ал сол екі үйде қызметші болып жүрген Вели мен Телли де бір-біріне көңілін білдіріп, сөз байласады.

Міне, опереттаның қысқаша мазмұны осы. Қойылым бойынша екі әулеттегі сегіз адам бір-біріне үйленіп, арты ұлан-асыр тойға ұласады.

Қойылымда Тұңғышбай Жаманқұлов Сұлтанбектің, Салтанат Бақаева Гүлчехраның рөлін сомдап, асқан талантымен ел назарын аударып, көрерменге күлкі сыйлады. Ал опереттаның басты кейіпкері Әскердің рөлінде ойнаған Алмас Шаяхметов жеке шеберлігімен көзге түсті. Дауыстың дұрыс қойылуы, мимиканы орынды қолдануы мен жауапкершілікті сезінуі оның басты ерекшелігі. Әрбір актер өз кейіпкерлерімен сахнада үйлесім тауып, жиналған көрерменнің көңілінен шыға білді. Келген арнайы қонақтар мен көрермен қауым спектакль соңында әртістерге гүл шоқтарын ұсынып, тік тұрып, қошеметке бөледі.

Ұлттық театрдың шығармашылық ұжымы өнер сапарының екінші күнінде көрерменге Әбіш Кекілбаевтың аудармасымен сахналанған Антон Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасын ұсынды. Классикалық туынды уақыт пен қоғам сұранысына жауап беретін биік өнердің үлгісі ретінде көрініс тапты.

Қойылым қазақ көрерменіне етене таныс әрі жүрекке жақын әлеуметтік-психологиялық мәселелерді қозғап, көрерменді бейжай қалдырмайды. Ішкі үнсіз диалогқа шақырады. Өйткені драмада көтерілген мәселелер – бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Жеке адамның күйзелісі, қоғамнан өз орнын таба алмауы, іштей күйреген үміт пен сарқыла беретін сенім секілді көңіл күй құбылысының бәрі де бүгінгі қазақ қоғамында бар кейбір жайттармен үндескен.

«Сүйікті менің ағатайым» көрерменге «Қазақ қоғамы ненің соңында жүр, неге сенеді, неге алданып жүр?» деген терең сауал тастайды. Туындының басты құндылығы оның адамға ой салуында, санаға селт еткізер сілкініс тудыруында жатыр.

Туынды желісі бойынша бас кейіпкер Иван Войницкий жиені Соняның үйінде тұрады. Екеуі кішігірім шаруашылықтың тұралап қалмауы үшін күндіз-түні бір тынбай еңбек етеді. Тапқан табысының бір тиынын қалдырмай қаладағы ғалым жездесі, Соняның әкесі Александр Серебряковқа жібереді. Себебі оның ғылымға қосып жатқан үлесіне сенеді және соған көмектесуді парыз санайды. Иванның анасы да күйеу баласын жақсы көреді. Бірақ бұл картина Александрдың отставкаға кетіп, жас әйелі Елена Андреевнамен бірге оралғанда өзгереді. Ол ғалым емес екен, ғылыммен айналысқаны тек аты ғана, шындығында «өнер туралы жазады, бірақ өнердің иісі мұрнына да бармайтын» адам болып шығады. Бірақ қаншама жыл бойы өзіне көмектескен һәм сенген жақындарына қайтарымы жоқ, керісінше, кәрілігін міндетсінеді.

Ваня ағай, яғни Иван Войницкийдің 47 жасқа келсе де өмірін күнделікті күйбең тіршілікпен өткізіп, түк бітірмегеніне, жалғыз қалғанына және «сенген қойының» сиқын көргенде қапаланып айтқан сөздері ойландырады. «Қап, қалай қапы қалдым десеңші! Әлгі профессор-сымақты, белін көтере алмай жүрген безгелдекті сондай қадірлеуші едім-ау, ол дегенде көк өгіздей көнтеріленіп, бар жұмысын бітіріп беруші едім! Соня екеуміз мына қонысының бар шаруасын жайғастырып едік, екеуміз кулактарға ұқсап, тұзсыз май, бұршақ, сүзбе бәрін сатып сауда жасайтын едік. Сонда солардың шетінен ауыз тиіп те көрмейтінбіз. Тиыннан-тиын құрап, мыңдаған сомды өзіне салып өсе беретінбіз. Оның ғылыми еңбектеріне мақтанып көкірегімізді көтеретінбіз. Оларсыз өмір сүре алмайтындай, тіпті ауа жұта алмайтындай көруші едік! Оның қаламынан туған, аузынан шыққан әр сөз данышпандықтың шырқау шыңындай көрінуші еді... Ал енді қазір... Міне, ол отставкаға шықты, не бітіріп, не тындырғаны енді белгілі болды. Өлгенде оның артында қалар бір бет мұрасы жоқ екен, оның есімін бір жан білмейді екен, ол былайғы жұрт үшін ешкім де емес екен! Сабынның ақ езу көпіршігі екен, әншейін! Сөйтсем мен алданыппын, ақымақ екенмін!» деп күйінеді.

Оның өшпенділігін өршітіп тұрған тағы бір себеп – Елена Андреевнаға деген сезімі. Елена Андреевна Серебряковтың әйелі, ол 27 жаста. Өз сөзімен айтсақ, көрген түстей, сағымдай тез жоғалатын көп күңкілдек кездейсоқ адамдардың бірі. Өнер қуып та, күйеуге шығып та, ғашық болып та баянды ештеңе таба алмаған, төбеден түскендей кездейсоқ адам. Ол да көптеген қыздар сияқты махаббат пен қызығушылықты шатастырып алған. Бірақ жағдайды өзгертуге құлықсыз. Мұны қойылым барысында шешіп тастаған «қарғыбауын» күйеуі Иванның оғынан аман қалғанда қайта киіп алуынан көруге болады.

Оқиға орын алған уездегі көзі ашық зиялы жан Михаил Астровтың образы да қайшылыққа толы. Адамдарды да емдеп, орман шаруашылығымен де айналысуға уақыт табады. Чехов осы Астровтың аузымен экология тақырыбын да қозғайды. Дәрігердің «Орманның түбіне ақыры ақ балта жетіп тынады» деген сөзі қанша жылдар өтсе де өзекті. Десе де бір кездері уездегі жөні түзу екеудің бірі осы Михаил болса, айналасы он жылдың ішінде тоғышар қауым оның да қанын улап, өзгелер сияқты босбелбеуге айналдырған. Астров та профессордың жас әйелі Еленаға ғашық. Михаилдың бұл сезімі бір жағынан жарқын сұлулыққа ұмтылған жанның ішкі толғанысы болса, екінші жағынан оның рухани жалғыздығы мен өмірге деген торығуының көрінісі секілді. Еленаның өзі де Астровқа бейжай емес. Бірақ ол – профессор Серебряковтың зайыбы, қоғамдағы орны бар әйел. Бұл екеуінің арасындағы ғашықтық өзара іштей мойындалғанымен, ашық көрініс таппаған күйзелісті сезім.

Ваня ағайдың жиені, профессор Александр Серебряковтың қызы Соня Елена Андреевнаға мүлде кереғар образ. Өмірінің өзегін еңбек пен мейірімділікке арнаған ол рухани беріктіктің, төзім мен үміттің символы іспетті. Бірақ осы мейірім мен адалдықтың тасасында оның ішкі қасіреті, жан жарасы бар. Соня дәрігер Астровқа ессіз ғашық. Алайда жүрек түкпіріндегі сол нәзік сезімі жауапсыз қалады. Бір сәт болсын үміттеніп, жасырын көз тастап, жақындасудың жолын іздегенімен, Астровтың назары басқаға ауған. Соня бұл сезімді сыртқа шығара алмай, іштей ғана күрсінеді. Ол өзін сұлу емес деп есептейді. Бір сәтте Еленаға: «Мен ажарсызбын ғой... Сондықтан ол мені сүйе алмайды» деп күйзеле айтқан сөзі оның ішкі нәзіктігі мен жаралы жүрегінің куәсі.

Туындының шиеленіскен тұсында профессор Александр Ваня ағай өмірінің ең ғажап шақтарын арнап, таран-таражға түсірмей ұстап отырған үйді сатып, фин саяжайын сатып алу туралы ойлайды. Ал ондай кішкентай үйге әйелі екеуі ғана сиятыны ойына да кіріп шықпайды. Бұл біреудің арқасында күн көретін паразитті еске салады. Тағдырының қатігездігіне күйінген Войницкий профессор Александр Серебряковті атып тастағысы келеді. Алайда атқан оқтарының бірі де тура тимейді.

Осындай шым-шытырық тағдырлар тоғысының соңы профессордың әйелімен қалаға кетуімен аяқталады. Соня мен Ваня тағы да баз-баяғы күйбең тіршілігімен бетпе-бет қалады. Өзін өлімге қиғысы келген Иванға қарындасы Сонядың: «Амал қайсы, өмір сүру керек. Біз! Ваня ағай, өмір сүреміз. Әлі талай ұзақ-ұзақ күндер мен ұзақ кештерді бастан кешеміз, тағдырдың жіберген қай тауқыметін де тайсалмай бағамыз. Қазір де, ертең қартайғасын да біреу үшін сілейіп қатып еңбек ете береміз. Шекті мерзім жеткенде үн-түнсіз жан тапсыра саламыз. Табытқа түскесін қандай азап шеккенімізді, қанша рет жылағанымызды, қанша қасірет тартқанымызды тапжылтпай айтып береміз. Сонда тәңірдің бізге мейірімі түседі, ағатай, сүйікті ағатай, сіз екеуміз сонда әсем, сондай тамаша өмір кешеміз, қатты қуанамыз, тіпті осы қазіргі бақытсыздықтарымыздың өзіне күлімдеп сүйсіне көз тастаймыз, сосын ағыл-тегіл рахатқа батамыз. Мен бұған, ағатай, ынта-шынтаммен сенемін. Сен өміріңде еш қызық көрген жоқсың, Ваня ағай, бірақ сәл шыдашы... Біз де тынығамыз, біз сонда ғана демаламыз! Ақ қанатты періштелерді көреміз, бүкіл аспанның меруерт моншақ тағынғанын көреміз, біздің көрген тауқыметіміз күллі дүниені жайлап алған мейірім мұхитына батып жоқ болады. Біздің өміріміз сондай жайдары, сондай нәзік, сондай тәтті аялы алақанға айналады. Мен бұған сенемін, қатты сенемін...» деп, ағасының көз жасын сүрткенде жүрек тұсымыз шым ете қалды. Сол сәтте сахнаның да шымылдығы жабылды.

Бахтияр Қожа профессор Александр Серебряковтың бейнесін, Азамат Сатыбалды Ваня ағай – Иван Войницкийдің жан күйзелісін, Берік Айтжанов дәрігер Астровтың ішкі қайшылығын, Салтанат Бақаева ғазал жүректі, мейірбан Соняның жан толғанысын, ал Зарина Кармен Елена Андреевнаның салқын сұлулығы мен ішкі дағдарысын шеберлікпен сомдады.

Ал кеше көрермен назарына көрнекті жазушы Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасы, сондай-ақ «Сезім хаттары» атты лиро-эстетикалық кеш ұсынылды. Ал бүгін Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы сахна төрінен орын алады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
Мұқағали БАЛТАБАЙ