Әлеумет

Орман қоры отқа оранбасын десек...

Жазғы маусымда дала алқаптары мен орманды аймақтарда өрт оқиғаларының жиілей түсетіндігі көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Мұндай апаттар табиғи сипатқа ие болғандықтан, олардың нақты уақытын немесе орнын алдын ала дәл болжау мүмкін емес. Алайда осыған қарамастан, мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында жүйелі түрде дайындық шараларын жүргізу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің негізгі әрі жауапты міндеттерінің бірі.

Жуырда «AMANAT» партиясының облыстық филиалында өткен «Экологиялық мәселелер» жөніндегі аймақтық кеңестің отырысында өрт қауіпсіздігі мен алдын алу шаралары кеңінен талқыланды. Жиын барысында жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың салдарынан туындайтын дала мен орман өрттерімен күрес, өртті дер кезінде ауыздықтау, сондай-ақ төтенше жағдай орын алған сәтте әрекет ету барысындағы кемшіліктерге жол бермеу мәселелеріне назар аударылды.

Өткен жылы өңірдегі мемлекеттік орман қорының аумағында
38 өрт оқиғасы тіркелген екен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 есеге артқан. Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 13-бабы 1-тармағының 3 тармақшасына және 4-бабының  61-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік орман қорының аумағындағы климат жағдайларын ескере отырып, облыс аумағында 26 наурыздан бастап өрт қауіпті кезеңі бекітілген. Осылай деп сөз бастаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков облыстағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар департамент басшысының орынбасары орман және дала өрттерінің алдын алу, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерімен таныстыру іс-шаралары туралы сөз қозғады.

Жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Үрістенов мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымның  өту барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 425 мың  гектарды, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 2 миллион 311 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.

Дегенмен 2025 жылғы өрт қаупі бар маусым кезеңінде облыстың орман қоры аумағында жалпы аумағы 110,75 гектар болатын 8 орман өрті оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 5,46 гектар орманмен көмкерілген жерлер.

Мұның ішінде тұлғалардың өрт талаптарын сақтамауынан 1 жағдай тіркелсе,  7 жағдайда өрттің шығу себептері белгісіз. Бүгінде өрттің шығу себептерін анықтау жұмыстары жүргізлуде екен.

Басқосу барысында кеңес мүшелері баяндамашыларға бірқатар сұрақтарын қойып,  аталған сала бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.      

Мұқағали БАЛТАБАЕВ