Әлеумет

Ерікті өртсөндірушілер елді ойлайды

Тілсіз жауға тосқауыл қою-ортақ міндет. Қауіптің алдын алып, өрт сөндіру қызметінің жұмысын жеделдету мақсатында ауылдық округтерде ерікті өртсөндірушілер жасақтары құрылған. Олар алыс елді мекендердегі өрт ошақтарын сөндіруге атсалысып, тосыннан келген апатпен күресте белсенді еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етуде.

Айта кету керек, ерікті өртсөндірушілер жасағының құрамы мен құрал-жабдықтары жыл сайын жаңартылып отырады. Жасақ құрамына әкімдік қызметкерлері, ерікті жастар, ауыл тұрғындары мен түрлі сала мамандары енеді. Өрт оқиғасы туындаған жағдайда олар дереу іске кіріседі. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңір аумағында 377 елді мекен бар. Соның ішінде 106 елді мекен мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің 20 өрт сөндіру бөлімінің қызмет көрсету аймағына кіреді. Ал қалған 271 елді мекенді қорғау жергілікті атқарушы органдар тарапынан 36 өрт сөндіру бекетін кезең-кезеңімен құру арқылы жүзеге асырылмақ.

Жоғарыда айтылғандай, әр аудандағы жергілікті атқарушы органдар 271 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етіп, барлық ауылдық округтерде ерікті өрт сөндірушілер жасақтарын құру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Бұл жасақтар арнайы киім-кешекпен және қажетті құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілуде. Осы мақсатта аудандық бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, оның тиімді жұмсалуы қатаң бақылауға алынған. Мысалы, Жамбыл ауданында бұл жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде ауданда 135 азамат ерікті өрт сөндіруші ретінде тіркеліп, төтенше жағдайлар кезінде кәсіби өрт сөндірушілермен бірге қызыл жалынды ауыздықтау  шараларына белсене қатысып жүр. Жамбыл ауданы әкімдігінің бас инспекторы Тұрсынхан Анарбайдың айтуынша, биыл еріктілер жасағының жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында 6 ауылдық округке 1 миллион 632 мың теңге қаржы бөлінген.

Жамбыл ауданында әрбір ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасағының әлеуетін жоғарылату мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады екен. Аудан әкімдігі қызметкерінің сөзін нақтылау мақсатында ауылдық округтердегі ерікті өртсөндірушілермен тілдесіп, олардың пікірін білдік.

Ақбастау ауылдық округінің тұрғыны Елдос Жанқоразов – Бірлесу-Еңбек орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол өз қызметімен қатар, ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып, ерікті өртсөндірушілер жасағының құрамына кіруге келісім берген. Елдостың айтуынша, жауапкершілігі мол мұндай  іске көп адам бірден келісе қоймайды. Әсіресе, ерікті жасаққа көбіне мемлекеттік қызметкерлер ғана ниет білдіреді екен.

Ал ауылдық округтердегі ерікті өртсөндірушілердің тізімін, олардың керекті құрал-саймандармен қамтамасыз етілуін сол ауылдағы әскери есеп жүргізушілері бақылауға алады екен. Сондықтан да жоғарыда айтылған мәселелерді қаузай отырып, ауылдық округтің әскери есеп жүргізушілерімен де әңгімелесіп көрдік.

Жамбыл ауданындағы барлық ауылдық округте 135 ерікті өртсөндірушінің бар екендігі жоғарыда айтылды. Әрине, көп ауылдық округегі жасақ әртүрлі сала қызметкерлерінен құралған. Ал аудан орталығы– Аса ауылында өзгешелік бар десе де болады. Себебі бұл ауылдық округтегі жасақ құрамы әкімдік қызметкерлерімен толыққан.

Біздегі ерікті өртсөндірушілер жасағының бір ерекшелігі – барлығы әкімдік қызметкерлері. Оның ішінде әкім де, бас маман да, қарауылдар да өрт кезінде бірлесе әрекет етеді. Мұндай сын сағатында ауыл тұрғындары да сырт  қалмайды, – дейді Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары Асқар Маратұлы.

Расында да қызыл жалыннан келер қауіп көп. Сол себепті тілсіз жаумен күресу бірлік пен ынтымақты талап етеді. Жұрт болып жұмылғанда ғана кез келген қиындықты еңсеретініміз анық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ