Әлеумет

Ауданда эпизотиялық жағдай тұрақты

Халқымыз бір-бірімен амандасып, хал-жағдайын біліскенде «Мал-жан аман ба?» деп текке сұрамаған. Себебі төрт түліктің өлім-жітім мен ауру-сырқаудан амандығы халықтың денсаулығының басты кепілі болып саналған. Малдан алынатын сүт, сүзбе, айран, май, қаймақ, қатықтан бастап етке дейінгі тағы да басқа өнімдердің сапасы төрт түліктің кесел-кесапаттан дін амандығына байланысты. Ал үй жануарларына тән аса қауіпті індеттер белең алатын болса, бұл тұтас бір өңірге, қала берді елге қауіп төндіретін жағдай. Сондықтан мал басын індеттен сақтау стратегиялық маңызы бар жұмыс ретінде қарастырылады.

Шу аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Хасеновтің сөзіне сүйенсек, ауданда 2025 жылға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аса қауіпті жұқпалы мал ауруларына қарсы екпе егу, диагностикалық зерттеу және серологиялық тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді екен.

Ауданда аса қауіпті мал ауруларының алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Аусыл ауруының алдын алу мақсатында 103 300 мүйізді ірі қараға екпе егу көзделсе, 4 айлық жоспар бойынша 22 800 сиырға екпе салынып, межеге толық қол жеткізілген. Сол секілді 4 айда 1 139 000 қой-ешкінің 183 500-іне, 400 шошқаның төрттен біріне екпе егіліп, жоспарланған көлем 100 пайызға орындалыпты.

Сібір жарасына қарсы 52 400 бас сиырға, 508 500 бас ұсақ малға, 17 400 бас жылқыға, 300 шошқаға, 300 түйеге екпе егу жоспарланған. Мүйізді ірі қара, жылқы мен шошқаға осы кезге дейінгі меже бойынша екпе толық егілген. Қарасан дертіне қарсы жылдық жоспардың, яғни 7 400 мүйізді ірі қара мен 100 түйеге қатысты есепті кезеңдегі межеже де толық қамтылған екен. Туберкулез ауруына қарсы тексеру мүйізді ірі қара (26 000 бас) мен түйеге (90 бас) жоспарланып, ірі қара бойынша жұмыс толық атқарылған.

Құтыру, манқа, оба, дегельминтизация секілді инфекциялық ауруларға да профилактикалық шаралар жүргізу жоспарда бар. Жылқы, мысық сияқты жануарларға екпе егілген. Құтыруға қарсы екпе мысыққа (40) және жылқыға (900 бас) 100 пайыз орындалған. Иттерге қатысты жұмыс әлі қолға алынбапты. Нодулярлы дерматитке қарсы мүйізді ірі қараға жүргізілген екпе жұмыстары толық жүзеге асқан.

Жалпы жабайы жануарларды құтыру ауруына қарсы вакцинациялау назардан тыс қалмай, арнайы қармақжемдер арқылы 1000 доза таратылып, толық қамтылыпты. Серологиялық зерттеулер нәтижесінде мүйізді ірі қара мен ұсақ малдардан қан сынамалары алынып, зертханалық сараптамалар толық жүргізіліпті. Мүйізді ірі қарадан қауіпті дерт анықталмаған. Ал ұсақ малға қатысты бруцеллездің 8 жағдайы тіркеліпті.

Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және автоматтандырылған шұғыл жағдайлар базасына деректерді енгізу жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Қазіргі таңда мүйізді ірі қараның 16 447 басы есепке алынып, оның 7,8 пайызы аталған жүйеге енгізілген көрінеді. Ұсақ малдың 200 031 басы тіркелсе, оның 3,2 пайызы базаға енген. Жылқыдан 3 984 бас есепке алынып, олардың 23 пайызы толық енгізілген. Ал түйе бойынша жүйеге енгізу жұмыстары әлі басталмаған екен.

Бір назар аударар жайт, Сібір жарасы бойынша уақ малға қатысты жоспар толық орындалмаған. Ұсақ малға арналған 4 айлық жоспар 65 пайызды ғана құрап отыр. Түйе мен шошқаға да бұл ауруға қарсы вакцина егілмеген. Сол секілді қауіпті ауруларға жылдық жоспар түзілгенімен оған қарсы жұмыс әлі қолға алынбапты. Осының себебін біз Талғат Жақсығұлұлынан сұраған едік.

Жалпы Шу ауданы ветеринария бөлімінде 116 қызметкер бар екен. Кәсіпорын лайықты ғимаратпен қамтылған. Аудан бойынша 18 ауылдық округ және Шу қаласы бойынша барлығы 19 округ болса, қазіргі таңда 14 ауылдық округ ветеринариялық пункттермен қамтылыпты. Бүгінде Шу қаласы әкімі аппараты тарапынан тұрғын үй сатып алынып, ветеринариялық пункттің іс-қағаздары рәсімделіп жатса керек. Дулат ауылдық округіннен 1 ветеринариялық пункт 2023 жылы салынған көрінеді. Бірақ бүгінгі күнге дейін кәсіпорын теңгеріміне берілмепті. Ал Алға, Бірлік, Жаңажол ауылдық округтеріне 3 ветеринариялық пункт қажет.

Сәуір айында облыс әкімдігі ветеринария басқармасының қолдауымен 5 ауылдық округке жаңа «Нива» автокөлігі табыс етіліпті. Облыстық ветеринариялық стансаның Шу ауданындағы ветеринария бөлімі теңгерімінде 1 жылжымалы, 2 тұрақты инсинератор бар. Инсинераторлар толық іске қосылған, экологиялық рұқсаттары заңға сай. Қазіргі уақытта кәсіпорындағы 25 «Нива», 1 «ДУК», 2 «УАЗ», 1 «Lada», 1 «Toyota Hilux» (пикап) автокөлігі ветеринарлардың әжетіне жарап тұр.

Шу ауданы