Жер мақсатты пайдаланылуы тиіс
Жер қорын тиімді пайдалану ауылшаруашылығы саласын дамытуға және басқа да маңызды мәселелерді реттеуге серпін беретіні анық. Соңғы жылдары елді мекендер айналасындағы жайылым тапшылығы, жеке тұрғын үй салу немесе кәсіп жүргізу үшін жер телімін бөлу, жер теліміне кезекке тұру ісін жүйелеу сынды мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, салада атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынып, бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, жер теліміне кезекке тұрудың жолын жеңілдету сияқты жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда.
Жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2025 жылдың 3 айында 5 конкурс ұйымдастырылып, 12 мың гектар жер айналымға еніпті. Кәсіпкерлік мақсатта 28 жер учаскесі аукционға шығарылып, 76 миллион теңгеге бағаланып, сатылған екен. Облыс бойынша босалқы жер қорынан осыған дейін елді мекенге 378 мың гектар жер қосылып берілген. Нәтижесінде елді мекен жері 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайған. Бұл мақсаттағы жер көлемі 2025 жылы тағы да 20 мың гектарға артады.
Айта кету керек, облыста мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі №356 қаулысына сәйкес атқарылып отыр екен. Аталған құжатта Қырғыз Республикасымен шектескен шекаралық аймақ енін 100 метрге дейін жеткізу міндеті қойылыпты. Осыған орай облыстың 5 ауданында нақты жұмыстар қолға алынып, шекара маңындағы елді мекендерге іргелес аумақтарда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығару процесі жүріп жатқан көрінеді.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін аталған мақсатта жалпы көлемі 802,1 гектарды құрайтын 286 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынған. Бұл жұмыстар облыстың Шу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандарын қамтиды. Шекара сызығын нақтылау, шекара маңындағы инфрақұрылымдық нысандарды орналастыру және мемлекеттік қауіпсіздік талаптарына сай келтіру үшін бұл жерлердің барлығы қажеттілікке қарай есепке алыныпты. Қазіргі таңда Шу және Жуалы аудандарындағы жұмыстар толық аяқталып, тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Бұл екі аудандағы жер учаскелері Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне тұрақты пайдалануға берілген екен. Ал қалған 3 ауданда – Т.Рысқұлов, Меркі және Қордайда жер телімдерін мемлекет иелігіне алу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатса керек. Әрбір учаске бойынша заң талаптарына сәйкес бағалау, өтемақы төлеу және рәсімдеу процедуралары қолға алынған. Бұл ретте жер иелерінің заңды құқықтары толық ескеріліп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу басты назарда ұсталып отыр.
Облыстық үйлестіру кеңесінің жиынтық жоспары аясында бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл нәтижесінде көптеген ұйымдастыру мәселелері шешімін тапқан. Мамандардың айтуынша, шекара шегендеу ісінде барынша ашықтық пен заңдылық қағидаттары сақталуда.
нығайтатыны сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ