Әлеумет

Жанға жайлылық сыйлайтын «Жайлы мектеп»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама заманауи талаптарға сай, оқушылардың жайлылығы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған мектептер желісін қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында республика бойынша жаңа мектептер бой көтеріп, ескі мектептер жаңғыртылып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған инфрақұрылым қалыптасып келеді. Өркениетті елдердегі білім беру стандарттарына сәйкестендірілген бұл мектептерде оқушылар үшін заманауи технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, жайлы демалыс аймақтары, спорт және шығармашылықпен айналысуға арналған үйірмелер қарастырылған.

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында ашылған №67 орта мектеп – жарқын жобаның нақты нәтижесінің көрінісі. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген мектеп 1 200 оқушыға арналған. Қазіргі таңда мұнда 747 оқушы бір ауысымда білім алып, 43 педагог қызмет етуде. Олардың қатарында білікті мамандар мен конкурс негізінде іріктелген ұстаздар бар. Мектеп ұжымы тек сапалы білім беруді ғана емес, сонымен қатар оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына да баса назар аударуда.

Мектептің материалдық-техникалық базасы да мақтауға тұрарлықтай. Білім ордасында жалпы 59 оқу бөлмесі, 3 информатика кабинеті, робототехника және «STEAM» зертханасы, медициналық пункттер, жайлы кітапхана, 10 коворкинг орталығы, 4 компьютерлік сынып, 2 спортзал, шеберханалар, демалыс аймақтары мен 9 фильтрленген су жүйесі бар. Бұл – оқушылар мен мұғалімдер үшін барынша қолайлы орта қалыптасқанын білдіреді.

Білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысу барысында мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасарының жол бастауымен «STEАM»-зертханасында болдық.

STEАM-зертханасынан кейін жаңа құрылғылармен жабдықталған информатика кабинетіне бас сұқтық.

Жалпы мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына арналған үйірмелердің айтарлықтай көп екенін байқадық. Домбыра, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, хореография, поэзия сынды 10-ға жуық үйірме бар. Үйірмелерге қатысатын балаларға жеке құрал-жабдық алып келудің қажеті жоқ. Себебі мектеп балаларға қажет болатын үйірмеге арналған құрал жабдықтармен толық жабдықталған.

Алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа 125 оқушы қабылданады деп жоспарланып отырса, осы оқу жылында жайлы мектептен 30 оқушы түлеп ұшқалы отыр.

Сымбат ҚУАНЫШ