Әлеумет

Ұлағатты ұстаздарымызды ұмытпаймыз

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде жас түлектер соңғы қоңырау үнін естіп, үлкен өмірге қадам басып жатқанда біз де мектеппен қоштасқан сәтімізді еске аламыз. Сол күннен бері жарты ғасыр өтіпті. Алтын ұя – Үшарал орта мектебінен түлеп ұшқанымызға 50 жыл өткенін сезбей де қалғандаймыз.

Бүгінде аяулы ата-ана, немерелер мейіріміне бөленген ата-әже болсақ та, ұстаздарымыз үшін әлі де шәкіртпіз. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай ақын айтқандай «Таяқты әліп деп үйреткен» ұстаздарымыз қашанда құрметке лайық жандар.

Бізді 1975 жылға дейін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бойымызға сынақтарға сынбайтын қайсар мінез дарытып, үлкен өмір жолына бейімдеген барлық ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Атап айтсам, Дәнегүл Дүйсенқызы, Гүлигаухар Рахымқызы, Науат Сыздыққызы сынды ұстаздарымыздың берген тәрбиесі біздің өмірде өз орнымызды табуымызға жолдама болды.

Дәнекүл Дүйсенқызы ұстазымыз бізге білім жолының таза, әділ жол екенін ұғындырумен қатар тәрбие барысында талап қоя отырып, дұрыс жол таңдауға тәрбиеледі. Ұлағатты ұстазымызды өз мамандығының майталманы деп айта аламыз. Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен 2 рет, «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Еңбек ардагері» белгісімен марапатталуы ұстаздық еңбегінің жемісі. Шәкірттерінің қалалық, облыстық олимпиадаларда, республикалық білім жарыстарында жүлделі орындар иеленгенін мақтанышпен әңгімелейді. Дәнекүл Дүйсенқызы 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеген аяулы ана. Бір ұлы ұстаздық жолын жалғастырып, еңбек етуде.

Ал Гүлигаухар Қошығұлова ұстазымыздың күлімдеген көздері, біздерге деген мейірбандылығы әлі күнге дейін жүрегімізде сақтаулы. Шәкірт ретінде Гүлигаухар Рахымқызындай болсақ деген арман бізді 40 жыл ұстаз болуға жетелегенін мақтанышпен айта аламыз. Ұстазымыздың берген білімімен шыңдалған сыныптастарымыз Несіпкүл Көлбаева, Кенжекүл Мырзахметова, Зейнекүл Асанқұлова математика пәнінен сабақ берген зейнеткер ұстаздар. Гүлигаухар ұстазымыз келін болып түскен Мырзамұратовтар отбасын математиктер шыққан отбасы деп те айтсақ болады. Ұстазымыздың жолдасы Құдайберген ағай да білім саласында абыройлы еңбек еткен үздік педагог. Гүлигаухар Рахымқызы да еңбек жолында түрлі марапаттарға ие болған.

Науат Солағаева ұстазымыз еңбек жолын Үшарал орта мектебінен бастаған. Жас болса да өзінің мейірбандылығы мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігі арқылы шәкірттерінің сүйікті ұстазы атанды. Білім берумен қатар біздерді өзін-өзі бақылау, бағалай білуге, сабырлылық пен ұқыптылыққа, өз қатеңді қабылдай білуге тәрбиеледі. Өзі жетекшілік еткен 10 «В» сыныбында жүргізген іс-шараларда шәкірттерінің еңбекқор, қоғамға пайдалы азаматтар болып өсуіне талап қойып, орындалуын қадағалап отырды. 1976 жылы отбасылық жағдайымен Сарысу ауданы, Түгіскен ауылындағы Түгіскен орта мектебінде еңбек жолын жалғастырды. 2008 жылы мәртебелі ұстаздық зейнеткерлікке шықты.

Бар жан-тәнімен шәкірттерінің санасына білім нәрін құйып, саналы тәрбие берген білікті ұстазымызды мақтан етеміз. 11 немере сүйген Науат Сыздықызының екі қызы ана жолын қуып, мұғалімдік жолды таңдаған.

Ұстаздарымыздың 50 жылдық кездесу өткізгелі отырған шәкірттері де түрлі салада еңбек етіп, бүгінде өзіміз де зейнеткер атанып отырмыз. «Ұстаз жолы – шәкіртке үлгі» демекші, Қызайым Бүрлібаева, Бибайша Досаева, Жұпар Жұмашева, Күләш Сәрсенбекова өмірдегі орнын ұстаздықтан тапқан жандар.

Ақыл-кеңесін аямаған, сәл босаңсысақ қамшылай түсетін, өмірді сүйе білуге тәрбиелеген, бар ғұмырын шәкірттерге арнаған ұлағатты ұстаздарымыздың ерең еңбектеріне басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз. Ешбір құрылғымен өлшенбейтін еңбектеріңіз жүрегімізде алтын әріптермен жазылып қала бермек 

Үшарал орта мектебін
1975 жылы бітірген түлектер атынан

Зейне АСАНҚҰЛОВА,
Талас ауданы