Тыңнан түрен салған тілтанушы
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.
Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту және оның қолдану аясын кеңейту – еліміз үшін маңызды әлеуметтік-мәдени міндеттердің бірі. Осыған байланысты ересектерге қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту өзекті мәселе болып табылады.
Мемлекеттік тілді оқытып-үйрету ісі қоғамдық қажеттіліктен туып, қоғамдағы түрлі сала мамандарының алдына мемлекеттік тілде сөйлеп-жазу біліктілігін қалыптастырып, тәжірибеде қолдану міндетін қойып отыр. Бұл міндеттің жүзеге асуы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде жүргізілетін қазақ тілін оқыту курстарының әдістемелік тұрғыдан жетілдірілуімен тікелей байланысты екені белгілі.
Елінің болашағын ойлаған әрбір азамат ана тілінің болашағына да бейжай қарамауы тиіс. Сондай азаматтарымыздың бірі ретінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында тынбай жұмыс істеп жүрген тілтанушы ғалым Ғалым Қазжановтың есімін ерекше атап өтуге болады.
Ғалым Төлегенұлы 1968 жылы 5 мамырда қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ақан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Төлеген Қазжанов Сарыөзек ұжымшарында бригадирдің көмекшісі қызметін атқарса, анасы Гүлжауһар Қазжанова түрлі жұмыстар істеген.
1975 жылы Ақан ауылындағы сегіз жылдық мектепке қабылданып, 1985 жылы аталған білім ордасын ойдағыдай аяқтап, ұжымшарға жұмысшы болып қабылданған. 1986 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша дайындық курсына қабылданады. 1992 жылы институтты бітіріп, жолдама арқылы Зеренді ауданы, Садовый ауылындағы мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалған.
1993-1998 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтында қазақ тілі пәнінен сабақ берген. Ал 1998-2001 жылдары Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Фундаментальді фонетика» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері болып, тіл білімінің корифейлері – Ә.Қайдаров, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев, С.Омарбеков, Т.Жанұзақов, Е.Жанпейісов, О.Нақысбеков, Ә.Нұрмағанбетов, Ә.Болғанбаев, Ә.Жүнісбеков, К.Хусайнов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, З.Базарбаевалардың дәрістерін тыңдап, ғылым нәрімен сусындаған.
2001-2003 жылдары аспирантураның күндізгі бөлімінде оқып, 2004-2007 жылдары Астана қаласындағы «Марс-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қазақ тілінің оқытушысы болып жұмыс істейді. 2008-2015 жылдар аралығында Астана қаласындағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында бас маман, шаруашылық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. «Мемлекеттік қызметшілердің тілдік портфелі» жобасына қатысып, грамматика оқулығын құрастыруға және грамматикалық таблицаларды жаңаша үлгіде құрастыруға үлес қосты. Осы кезеңдерде түрлі министрліктер мен ведомстволарда мемлекеттік тілден сабақ беріп, түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
2017-2020 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы, 2020-2022 жылдары Астана қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназияда оқытушы болып еңбек жолын жалғастырған. 2022 жылдан бастап Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде электрондық диспечерлік секторының жетекшісі ретінде еңбек етуде.
2019 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистрлік диссертациясын сәтті қорғаған.
Ғалым Төлегенұлының 45-ке жуық еңбегі бар. Соның ішінде 2025 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің баспасында жарық көрген «СӨЙЛЕСІМ ӘРЕКЕТІН МЕҢГЕРТУ ӘДІСТЕМЕСІ» /тілді оқытудың базалық деңгейі негізінде/ атты оқу-әдістемелік құралын атап өтуге болады.
Оқу-әдістемелік құрал қазақ тілін оқып-үйренуді бастаған тіл үйренушілерге арналған. Аталған құрал базалық деңгейдегі сөйлесім әрекетін меңгертуге бағытталған. Яғни, тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым сияқты негізгі тілдік дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта тілді тиімді әрі жылдам үйрену маңызды қажеттілікке айналып отыр. Осыған байланысты, тіл меңгерудің бастапқы деңгейі ерекше мәнге ие, себебі ол тілдік дағдылардың берік негізін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрету барысында оқытудың әр деңгейінің өзіне тән ерекшелігі болатыны мәлім. Осы орайда зерттеуге өзек болып отырған базалық деңгейге тоқталатын болсақ, курс барысында тыңдаушы белгілі бір шектік көлемде тыңдағаны мен оқығанын түсініп, жинаған сөздік қорларын күнделікті өмірде тиімді пайдалана алады және сұраққа жауап беріп, өзі де сұрақ қоя алатын деңгейге жетеді. Базалық деңгейде қарасырылатын білім мазмұны, лексикалық әрі грамматикалық минимум, сөйлесім әрекеті түрлеріне қойылар талаптар мен жаттығу-тапсырмалар жүйесі толықтай қандай құжатта көрініс тапқанын, базалық деңгейде қай бағытта тіл үйрету керектігін анықтау қажеттігі еңбектің маңыздылығын дәлелдей алады. Таңдап алынған тілдік материалдар мен оны меңгеруге қажетті күрделі тілдік құрылымдар тіл үйренушінің сөздік қорын көбейтіп, өз ойын еркін, жоғары деңгейде жеткізуге үйретеді. Берілген тапсырмалар сөздік қорын молайтып, таным-түсінігін кеңейтеді. Құрастырылған тапсырмалар, аударма жұмыстары, түрлі сөйлесім жұмыстары берілген. Тапсырмалар жеке, жұппен, топпен орындауға негізделген.
Қазақ тілін меңгерудің алғашқы қадамдары тілдік ортаның ерекшеліктерін түсінуді, лексикалық қорды байытуды және грамматикалық құрылымдарды меңгеруді қамтиды. Осы құрал аталған үдерісті барынша жеңілдету және жүйелеу үшін жасалған. Оның мазмұны тіл үйренушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, нақты және қарапайым құрылымда ұсынылған. Мұнда қарастырылған материалдар тіл үйренушілердің күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға тез бейімделуін қамтамасыз етеді.
Оқу-құралының басты ерекшелігі – сөйлесім әрекетін жүйелі түрде дамыту. Тіл үйренушілер үшін ауызекі тілде еркін қарым-қатынас жасау дағдысы өте маңызды. Сондықтан бұл оқу-әдістемелік құралда тілдік ортаға бейімделуге көмектесетін тапсырмалар жиынтығы берілген. Олардың қатарында диалог құру, қарапайым сұрақтарға жауап беру, күнделікті тұрмыстық жағдайларға қатысты мәтіндермен жұмыс істеу бар. Сондай-ақ, тіл үйренушілердің қызығушылығын арттыру үшін түрлі көрнекі құралдар, аудио және бейнематериалдар қолдануға басымдық берілді.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде елдің мәдениеті мен тарихын танудың құралы болып табылады. Сондықтан әдістемелік өнімнің ерекшелігі ретінде атап өтеріміз, тіл үйренушілер тек тілдік дағдыларды меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының ұлттық құндылықтары, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері туралы да мағлұмат ала алады. Бұл әдістеме тіл үйренушілердің тілдік құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың мәдениетаралық қарым-қатынас жасау қабілеттерін де дамытады.
Оқу-әдістемелік құралда әр сабақ нақты мақсатқа негізделген. Оқытудың әр кезеңі логикалық тізбекке құрылған, бұл тіл үйренушінің деңгейіне сәйкес материалды игеруін жеңілдетеді. Сонымен қатар, тапсырмалар мен жаттығулардың күрделілік деңгейі біртіндеп артып отырады, бұл білім алушының мотивациясын сақтауына мүмкіндік береді.
Оқу-әдістемелік құрал тіл үйренушілердің өз бетінше жұмыс істеуіне де қолайлы. Оқу-әдістемелік құралды дайындау барысында тіл меңгерудегі заманауи әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологиялар ескерілген. Әсіресе, тіл үйренушінің белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға басымдық берілді. Бұл әдіс тіл үйрену үдерісін қызықты әрі тиімді етеді.
Қазақ тілін базалық деңгейде меңгертудің тиімді әдістері мен құралдары анықталып, зерттеу барысында алынған нәтижелер тілді үйрену үдерісін жақсартуға бағытталады. Бұл еңбек қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың сапасын арттыруда және тіл үйрету саласында жаңаша көзқарас қалыптастыруда маңызды қадам болмақ. Базалық деңгей оқулығында берілген сөйлесім әрекеттері толықтай стандартқа сәйкес келеді, әрі мемлекеттік тілді меңгерген «тілдік тұлғаны» қалыптастыруға түрткі болады.
Ғалым Төлегенұлының оқу-әдістемелік құралы қазақ тілін оқытуда мұғалімдер мен оқытушыларға пайдалы көмекші болып, тыңдаушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Ғалымның жазары мен берері көп болып, өскелең ұрпақ үшін мәні мен маңызын жоймайтын еңбектердің жарыққа шығуына тілектеспіз.
Эльмира ПЕРТАЕВА,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық
Тараз универсиетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты