Жаңалықтар

Кадастрлық төлқұжатты алудың бірнеше жолы бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалы Жерге орналастыру және геодезиялық жұмыстар және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру басқармасының бас сарапшысы Жансерік Иманқұлдың қатысуымен өткен брифингте кадастрлық төлқұжатты рәсімдеу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Спикер өз сөзінде бұл құжаттың маңыздылығына тоқталып, оны алу жолдарын егжей-тегжейлі баяндады.

Кадастрлық төлқұжат – жер қатынастары мен жылжымайтын мүлік саласындағы аса маңызды құжат. Заң жүзінде кадастрлық төлқұжат бірнеше негізгі функцияны атқарады. Біріншіден, ол жер учаскесінің бар екенін, оның нақты бір құқық нысаны ретінде тіркелгенін растайды. Екіншіден, учаскенің нақты шекаралары, ауданы, орналасқан жері секілді техникалық сипаттамалары көрсетіледі. Үшіншіден, құжатта меншік иесі, ауыртпалықтар, пайдалану шектеулері секілді құқықтық сипаттамалар көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кадастрлық төлқұжатта бірқатар негізгі дерек көрсетілуі тиіс. Атап айтқанда, учаске есепке алынғанда берілетін бірегей кадастрлық нөмір, нақты орналасқан жері (мекенжай немесе координаттар), шаршы метрмен көрсетілген аумағы, жер категориясы (мысалы, елді мекен, ауылшаруашылығы, өндірістік мақсаттағы жерлер және тағы да басқа), рұқсат етілген пайдалану түрі, кадастрлық құны, құқықтар мен ауыртпалықтар туралы мәліметтер және кадастрлық есепке алынған күні сияқты ақпараттар құжат құрамында болуы міндетті.

Кадастрлық төлқұжат жер учаскесімен байланысты кез келген әрекетте қажет болады. Мысалы, жер учаскесін сатып алу, сату, сыйға тарту немесе айырбастау кезінде меншік құқықтарын тіркеу үшін бұл құжаттың болуы шарт. Сонымен қатар, меншік құқығын әділет органдарында тіркеу, құрылысқа немесе қайта құруға рұқсат алу, сот процестерінде жер дауына қатысты дәлел ретінде ұсыну, жер салығын есептеу немесе ипотека, несие рәсімдеу кезінде де кадастрлық төлқұжат керек.

Қазақстанда бұл құжатты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алуға болады. Алайда, өтініш бермес бұрын жер учаскесінің кадастрлық есепке алынғанына көз жеткізу қажет. Егер есепке алу жүргізілмеген болса, алдымен шекараларын анықтап, техникалық құжаттамасын дайындау секілді кадастрлық рәсімдерді орындау қажет болады.

Кадастрлық төлқұжатты рәсімдеуге қажетті құжаттар қатарына өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, жер учаскесіне меншік немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттар және кейбір жағдайларда қосымша техникалық құжаттар жатады.

Қазіргі таңда кадастрлық төлқұжатты бірнеше жолмен алуға болады. Бірінші тәсіл – халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы жеке немесе сенімхат негізінде өкіл арқылы өтініш беру. Екінші тәсіл – электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру. Үшінші тәсіл – кейбір өңірлерде уәкілетті банк-агенттер арқылы рәсімдеу мүмкіндігі бар.

Құжатты дайындау мерзімі – 4 жұмыс күні. Дайын болғаннан кейін оны қағаз түрінде ХҚКО-дан немесе электронды түрде уәкілетті органның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы алуға болады.

Жансерік Иманқұлдың айтуынша, кадастрлық төлқұжат – жер мен мүлік қатынастарын құқықтық тұрғыда нақтылаудың басты тетігі. Ол тұрғындарға өз меншігін тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға, құқықтық даулардың алдын алуға, заң аясында толыққанды мәміле жасауға мүмкіндік береді.

Айжан ӨЗБЕКОВА